ШЫМКЕНТ: ШОМЫЛУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН 13 ОРЫН АНЫҚТАЛДЫ

67

Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті шомылу маусымында тыйым салынған 13 орынды анықтады. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, капитан Нұржан Қаракөзев Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.

«Еліміздің барлық өңірлерінде шомылу маусымы ресми түрінде 1 маусымнан бастап ашылды. Қала әкімінің қаулысымен суда жаппай демалу, туризм және спорт үшін қала аумағында 5 ресми орын бекітілген және оның ішінде 3 орында шомылуға рұқсат етілген.

Сонымен бірге қазіргі таңда қала аумағындағы барлық аквасаябақтар ашылып өз жұмыстарын бастады. Суға шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде адамдардың өлімінің алдын алу мақсатында департамент аудан әкімдерімен бірлесіп шомылуға тыйым салынған 13 орынды анықтады.

Олар: Бадам өзенінің қала аумағында (Абай, Әл-Фараби, Еңбекші аудандары) орналасқан барлық арналары,Сайрам-су өзенінің қала аумағында (Еңбекші, Қаратау аудандары) орналасқан барлық арналары,Текесу су қоймасы, Ақжар су қоймасы, Шымкент магистралды каналдың қала аумағында (Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандары) орналасқан барлық арналары, Янги-шек каналының қала аумағында (Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандары) орналасқан барлық арналары, Қарасу өзенінің қала аумағында (Абай, Әл-Фараби, Еңбекші аудандары) орналасқан барлық арналары, өзеннің бастауын қоспағанда, Қошқар ата өзенінің қала аумағында (Абай, Әл-Фараби аудандары) орналасқан барлық арналары,Қайнарбұлақ жасанды көлі,Азат каналы, Көкбұлақ каналы,Хауау каналы,Сасық каналы» — деді спикер.

Спикердің сөзінше, Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен департамент шомылу маусымы кезеңінде су айдындарында төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша 30 билборд пен стенд, 30 тыйым салуға арналған тақтайшаларды әзірлеп, қала аумағында орнатқан.

Сонымен қатар жазғы демалыс кезінде судағы қайғылы жағдайларға жол бермей мақсатында білім басқармасына қарасты мектептерде «Судағы қауіпсіздік» және «Алғашқы дәрігерлік көмек көрсету» тақырыптарында 24 интерактивті сабақ өткізілген. Өткізілген интерактивті сабаққа 130 мектептің 27584 оқушысы қамтылды.

 

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы