ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА«ASYL MURA» ВОЛОНТЕРЛІК ЖОБАЛАР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

44

Түркістан қаласындағы «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасында «Asyl MURA» волонтерлік әлеуметтік жобалар байқауы өтті. Бұл игі шараны Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы және «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырып отыр. «Asyl MURA» байқауы – патриотизмді ұрпақ санасына терең сіңіретін рухани, мәдени жоба. Ол арқылы қазақстандықтар өз елінің тарихын, мәдениетін, табиғатын қадірлеуге үйреніп, еліне қызмет етуді – өмірлік құндылық ретінде қабылдайды. Байқаудың мақсаты – жастар арасында волонтерлік мәдениетті қалыптастыру, әлеуметтік жауапкершілікті арттыру және өңірлік проблемаларды шешуге бағытталған тың жобаларды қолдау. Патриотизм – бұл жай ғана сөз емес, адамның өз елін жүрегімен сүюі, оның дамуына үлес қосуға деген шынайы ниеті. Бұл сезімді тәрбиелеу тек мемлекеттік рәміздер мен әнұранға құрметпен қараудан ғана емес, сонымен қатар ұлттық тарих пен мәдени мұраны құрметтеуден басталады. Осы тұрғыдан алғанда, «Asyl MURA» волонтерлік әлеуметтік жобалар байқауы – жастар мен жалпы қазақстандықтар арасында патриоттық сезімді арттырудың нақты, тәжірибелік құралы болып табылады.Патриоттық сезім көбіне адамның туған жерімен, өскен ортасымен тығыз байланысты. Ал «Asyl MURA» байқауы жастарға сол туған жердің тарихын тануға, қадірлеуге, қорғауға үйретеді. Мысалы, бір қатысушы ел ішіндегі көне тарихи нысанды зерттесе, келесі қатысушы оны сақтау немесе туристерге қолжетімді ету бағытында жобалар ұсынады. Бұл – елге қызмет етудің нақты, пайдалы жолы.Сонымен қатар, байқау барысында ұрпақтар сабақтастығы нығаяды. Жастар ақсақалдармен, жергілікті шежірешілермен, тарихшылармен тілдесіп, өткеннің өнегесін тыңдайды. Бұл – тек ақпарат жинау емес, ұлттық рухты сезіну, өзін сол тарихтың жалғасы ретінде түсіну. «Asyl MURA» – патриотизмді жай ұранмен емес, нақты іспен тәрбиелейтін жобалардың бірі. Ол арқылы жастар өз елінің рухани байлығы мен өткенімен танысып қана қоймай, оны сақтауға атсалысады. Ұлттық мұра – халықтың жаны. Ал сол мұраны қадірлей білген адам – нағыз патриот.

Бірінші күні қатысушыларға арналған оқыту семинар-тренингтері өтті. Онда волонтерлік жобаларды басқару, мотивация, көшбасшылық және командамен жұмыс істеу бағыттарында практикалық кеңестер берілді. Екінші күні 18 команда өз жобаларын 7 минуттық презентация форматында қорғап, қазылар назарына ұсынды. Күн еріктілер еңбегін бейнелейтін бейнероликпен басталып, көркем би қойылымымен жалғасты. Екі күнге созылған бұл байқау – Түркістан жастарының азаматтық белсенділігі мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жолындағы маңызды бастама. Қазылар алқасы жобалардың әлеуетіне тоқталып, артықшылықтары мен дамытатын тұстарын атап өтті. Байқау нәтижесі бойынша қазылар алқасының шешімімен 1-орынды Түркістан қаласының «Жастар» командасы иеленді. Жүлделі 2-орын Сауран ауданының «Асыл мұра» командасына бұйырды. Ал 3-орынға Арыс қаласының «Hope Livers» командасы қанағат тұтты. 1-орынға 500 мың теңге, 2-орынға 300 мың теңге, 3-орынға 200 мың теңге қаржылай сыйақылар табысталды. Сондай-ақ қалған қатысушы командаларға ынталандыру сыйлығы ретінде 50 мың теңге және арнайы сертификаттар үлестірілді.