НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ КЕНТАУДАҒЫ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТЫҢ ЖАЙ-КҮЙІМЕН ТАНЫСТЫ

Түркістан облысында тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу өндірісі дамып келеді. Аймақ басшысы Нұралхан Көшеров Кентаудағы индустриалды аймақты аралап, мұндағы өндірістік жобалармен танысты. Кәсіпкерлермен тілдесіп, ұсыныстарын тыңдады. Сала мамандарына өндірісті дамыту бағытында тапсырмалар жүктеді. Бұл салаға басымдық беріліп, қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Қалада 43 га жерде индустриялық аймақ орналасқан. Бүгінгі таңға 7 жоба іске асырылған. Биыл үш жоба іске қосылмақ.
Өңір басшысы Кентау индустриалды аймағында орналасқан «АБН Альянс» ЖШС-нің полиэтиленді құбыр өндіретін кәсіпорнының жұмысымен танысты. Сондай-ақ мұнда құбыр өндірісінен бөлек кірпіш зауытының жұмысы қарқынды жүргізілуде. Цехта жалпы саны 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба құны – 1,5 млрд. теңге.
Биыл Кентау қаласында жалпы 16 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Жоба толық іске қосылса, 492 жаңа жұмыс орны құрылады. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласы бойынша нақты 4 жоба құрылып, 310 тұрақты жұмыс көзі ашылады деп күтілуде. Ондағы 2 жоба арнайы экономикалық аймақта орналасса, қалған 2 жоба индустриалды аймақта жүзеге асады. Мұндағы мақсат – тұрғындарды жұмыспен қамту, өңірдің өндіріс көлемін арттыра отырып, экономикалық дамыған аймаққа айналу. Сонымен бірге «TURAN SHENHUA» ЖШС газ қазандықтары мен тұрмыстық техникаларын өндіру жобасы жоспарда бар. Кәсіпорын 120 адамды жұмыспен қамтымақ. Құрылыс жұмыстары биылғы қараша айында аяқталады, жобалық-сметалық құны 2,4 млрд. теңгені құрайды. Кентау индустриалды аймағында «АйдарСтройГрупп» ЖШС металл бұйымдарының өндірісі қолға алынады. Мұнда 50 тұрақты жұмыс орны ашылады, құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Жалпы өңірде метал құрылымдарының өндірісі даму үстінде. Оған дәлел, экономикалық аймақта тағы бір метал құрылымдарын өндіретін «Сапар Құрылыс-С»ЖК цехының құрылысы жүріп жатыр. Мұнда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жоба құны 400 млн.теңгені құрайды.