Түркістан – елге деген сүйіспеншіліктің, патриотизмнің жарқын үлгісі

Патриотизм – әрбір азаматтың жүрегінде тұтанатын, Отанға деген сүйіспеншілік пен ел болашағына жауапкершілікпен қараудың белгісі. Тарихы терең, рухани бай Түркістан қаласы – бүгінде еліміздегі патриоттық тәрбиенің маңызды ошағына айналды. Бұл киелі мекенде елге деген құрмет, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен отансүйгіштік қасиеттер ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Түркістан – күллі түркі жұртының рухани астанасы ғана емес, Қазақ хандығының темірқазығы болған тарихи қала. Бұл өлкеде елдік пен ерліктің ізі, бірлік пен берекенің рухы сақталған. Бүгінде осы тарихи тамыр жаңаша сипатта түлеп, елдік сана мен патриоттық тәрбие беру ісінде нақты істермен көрініс табуда. Қалада мемлекеттік рәміздерді ұлықтау, Ұлы тұлғаларды еске алу, Тәуелсіздік тарихын насихаттау бағытында түрлі шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Әсіресе мектептер мен колледждерде өткізілетін “Мен – өз елімнің патриотымын”, “Отанға қызмет ету – парызым” сынды форумдар, дөңгелек үстелдер мен ашық сабақтар жас буынның бойында елге деген мақтаныш сезімін ұялатады.
Түркістандағы жастар ұйымдары мен еріктілер қозғалысы да патриоттық бастамаларда белсенді. Олар қаланың тазалығына, тарихи орындарды сақтау мен насихаттауға атсалысып келеді. Әзірет Сұлтан кесенесін сақтау, тарихи мұраларды жаңғырту жолында қоғамдық ұйымдар мен оқу орындары ортақ жұмыс атқаруда. Бұл – ел тарихына деген құрметтің, ұлттық жауапкершіліктің айқын көрінісі. Сонымен қатар, Түркістанда әскери-патриоттық клубтар мен музей сабақтары арқылы оқушыларға Отан қорғаудың маңыздылығы түсіндіріледі. Қазақстан Қарулы Күштерімен бірлесе ұйымдастырылатын кездесулер жастарға әскери борыш, ерлік пен елге адал қызмет ету ұғымдарын нақты мысалмен ұғындыруға сеп болады.
Қалада өтетін “Тәуелсіздік – мәңгілік ел мұраты”, “Бейбіт елдің батыр ұлдары”, “Елін сүйген – ер болады” атты патриоттық концерттер мен әдеби-танымдық кештер де көпшіліктің көңілінен шығып, үлкен тәрбиелік мәнге ие болып отыр. Бұл іс-шараларда Түркістанның тарихи рөлі, елдікті сақтаудағы маңызы кеңінен қамтылады. Патриотизмнің тағы бір айқын белгісі – туған жерге қызмет ету. Түркістандық жастар “Туған жерге тағзым” акциясы аясында қалаға, ауылдарына көмектесіп, әлеуметтік жобаларға белсене араласуда. Бұл – нағыз азаматтық жауапкершіліктің, елжандылықтың жарқын көрінісі. Түркістан қаласында патриотизм – тек ұран мен сөздің емес, нақты істің көрінісі. Қаланың әрбір жасы, әрбір тұрғыны ұлттық мүддені бірінші орынға қойып, елге деген адалдықты күнделікті өмірінде дәлелдеуде. Мұндай ұрпақ барда еліміздің келешегі жарқын, бірлігі бекем болары анық.
Туған жерге деген мақтаныш пен сүйіспеншілік мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады. Мемлекеттік Елтаңбаның авторларының бірі Жандарбек Мәлібеков бірде «Елтаңба, Ту, Әнұран әрбір ресми және бейресми іс-шарада болуы тиіс. Сонда ғана біздің мемлекеттік рәміздер өскелең ұрпақ арасында кеңінен таралады» деген еді. – Мемлекеттік рәміздерге құрмет оны қалай құрметтеуді білуден бастау алуы қажет. Әлемдік деңгейдегі ірі жарыстарда жеңіске жеткен спортшыларымыздың қуаныш үстінде мемлекеттік туымызды жоғары көтеріп, алаңды бір айналып шыққанының өзі кәдімгідей патриоттық сезімімізді оятады. Осы ретте әркім Әнұранды жатқа білген жөн. Рәміздердің бейнелік мағыналары туралы мағұлматтарды білу әрбір азаматтың парызы деп есептеймін. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының ортасында сәулелі күн, астында қалықтап ұшқан қыран, тіпті сабының тұсындағы ұлттық өрнектің өзіндік мән-мағынасы бар. Мемлекеттік Елтаңбадағы шаңырақтың, оның оң жағы мен сол жағындағы аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі, жоғарғы бөлігінде орналасқан бес бұрышты көлемді жұлдыздың, төменгі бөлігінде ойып жазылған «Қазақстан» деген жазудың өзі кеудеңе мақтаныш сезімін себезгілейді.