ҰЛЫ АҚЫН МҰРАСЫ – ТІЛДІҢ ТІРЕГІ

38

«Ордабасы оттары» газетінің баспасөз клубында Ордабасы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты Тілдерді оқыту және дамыту орталығы және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ордабасы аудандық филиалының ұйымдастыруымен тағылымды дөңгелек үстел өтті.

Шара ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай қолға алынған 10 күндік мәдени-рухани іс-шаралар аясында өтіп, «Абай тағылымы – тіл үйренудің маңыздылығы» тақырыбын арқау етті.

Жиынның басты мақсаты – Абай мұрасының рухани-танымдық мәнін ашу, мемлекеттік тілді оқып-үйренудің маңызын насихаттау және оның қолданыс аясын кеңейту болды.

Шараны Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ордабасы аудандық филиалының төрағасы Жылқыбай Құрманәлі ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде Абай Құнанбайұлының қазақ тілі мен руханиятына қосқан үлесін атап өтіп, жиынның мақсатымен таныстырды.

Одан кейін сөз алған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бақытжан Сүлейменұлы ана тіліміздің мәртебесін көтеру, қолданыс аясын кеңейту жолында Абай шығармаларының маңызына ерекше тоқталды.

Келесі кезекте ХҚТУ-дің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Әліпхан «Абайдың өзіндік ілімі» атты мазмұнды баяндамасын ұсынып, хәкімнің адам болмысын танудағы терең философиясын жан-жақты тарқатты.

Одан соң профессор, ғылым кандидаты Бекжігіт Сердәлі Кенжебекұлы Абай шығармаларын заманауи көзқараспен саралап, оның тәрбиелік әрі тілдік құндылығын айрықша атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында сондай-ақ зейнеткер-дәрігер Сағымбеков Болатхан, Тілдерді оқыту және дамыту орталығының директоры Ташева Ақнұр, тіл жанашыры Нұрмахан Баттал, аудандық кітапхана қызметкері Сәуле Исабек, бөлімнің бас маманы Назира Мусаева сынды азаматтар қатысып, ұлт тілінің бүгіні мен болашағы жайлы келелі ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ, орталықтың қазақ тілі оқытушысы Абжалова Замира «Абай тағылымы – қазақ тілінің қадірін арттыру жолы» тақырыбында баяндамасында ақынның тіл мен руханиятқа сіңірген өлшеусіз еңбегін кеңінен тарқатып берді.

Жиын соңында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бақытжан Сүлейменұлы бірқатар қатысушыны қоғамның Алғыс хатымен марапаттады.

Қатысушылар Абай мұрасының – ұлтты ұйыстырар, тілді ұлықтар рухани алтын көпір екенін атап өтіп, осындай игі шаралар жалғасын табуы қажет деген ниеттерін білдірді.