Түркістан қаласында цифрлық трансформация мен заманауи технологияларды енгізу бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында: «Цифрландыру — мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, қоғаммен ашық диалог орнатудың негізгі тетігі болуы тиіс», — деп атап өткен болатын. Бұл — ел дамуындағы стратегиялық бағдарды білдіретін ұстаным.
Осы бағыттағы Түркістан қаласындағы маңызды бастамалардың бірі — тұрғындармен тікелей әрі жедел байланыс орнатуға арналған 109 — Бірыңғай байланыс орталығы. Бұл жоба — өңірдегі «ашық әкімдік» қағидатының нақты көрінісі. Түркістан қаласы мен облыс аумағындағы халықтың мәселелерін жедел шешу, кері байланысты күшейту, тұрғындардың өтініш-тілектеріне уақытылы жауап беру — орталық жұмысының басты мақсаты.
— Орталықтың Түркістан қаласы бойынша жүргізген жартыжылдық есебіне көз жүгіртсек, 2025 жылдың алты айында қала тұрғындарынан 42 951 өтініш келіп түскен. Оның барлығы дерлік орындалған. Бұл — күн сайын жүздеген Түркістан қаласының тұрғыны түрлі мәселе бойынша 109 қызметіне жүгінетінін білдіреді. Байланыс құралдары бойынша өтініштердің басым бөлігі — 42 603 өтініш 109 қысқа нөмірі арқылы түскен. Сонымен қатар, WhatsApp желісі арқылы 315, Telegram бот арқылы 29, Instagram арқылы 2, мобильді қосымша арқылы 2 өтініш тіркелген, — дейді «Цифрлық даму орталығы» КММ директор орынбасары Жансая Айкенова.