«ҚАЗАҚ ЕЛІ ҮШІН ЕҢ ҚАСТЕРЛІ ҰҒЫМ»

98

Бірлік – ынтымағы мен берекесін тең ұстаған Қазақ елі үшін ең қастерлі ұғым, сан ғасырлардан мирас болып келе жатқан дана халқымыздың асыл қасиеті. Бабаларымыз ынтымақ пен татулықты, ортақ келісім мен ауызбірлікті, жарасымдылық пен сыйластықты мүдделі түрде еліміздің біртұтастығын сақтауда әрдайым биік мақсат етіп қойған. Бірлікті елдікпен ұлт болып ұйысып, ынтымақпен сыйысып отырудың басты кепілі ретінде санаған.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ол жайында «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деп, ерекше атап өткен-ді. Бүгінде Республика күні ұлттық мереке ретінде қайта жаңғырып, елдің бірлігін нығайтып, ұлттық рухын күшейтуге, ынтымағын арттыруға үндейтін айтулы күнге айналып отыр. Бай әрі терең тарихымызбен, мәдениетімізбен, бірлік пен ынтымақты ту еткен халқымызбен, «Елім, жерім» дейтін ұрпағымызбен мемлекетіміз әлемнің дамыған елдерінің қатарынан көрінетін күн жақын. Себебі, бүгінде еліміздің тарихын, әдебиетін, мәдениетін дәріптеп, әлем елдеріне танытуға үлкен күш салынып жатыр. Талантты жастарымыз әлем сахналарында өнер көрсетіп, биіктерден көрініп жүр. Бекем бірлігімізбен алға қойған мақсаттарға жетіп, биік-биік асуларды бағындыратынымызға сенім мол.

Құрметті қазақстандықтар, Республика күні құтты болсын! Отанымыздың босағасы берік, шаңырағы биік болсын! Еліміздің бірлігі нығая түссін!

Бекболат ҚҰРМАҒОЖАЕВ,
Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрдың көркемдік жетекшісі

#Республика_күні