«КЕЛЕШЕГІМІЗГЕ САЛҒАН ИНВЕТИЦИЯМЫЗ – БАЙТАҒЫМЫЗДЫҢ МЫҚТЫ БОЛУЫНЫҢ КЕПІЛІ»

131

Құрметті жерлестер! Құрметті отандастар!

Алдымызда мерекелердің үлкені ұлттық мейрам – Республика күні келе жатыр. Баршаңызды мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

Егеменді ел болып, Тәуелсіздікке қол жеткізіп, бүгінде қабырғамыз қатайып, еңсемізді тіктеп отырмыз. Әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз жақсарып, түрлі салаларда өркендеу барын барлығымыз жақсы білеміз. Мұнымен тоқтауға болмайтыны да белгілі. Әрине, барлығы өзімізге байланысты. Ата-бабамыздың «Не ексең, соны орасың!» деген орынды мәтелі бар. Рас сөз. Қоғамымызды ілгерілету үшін, әрбіріміз жақсы, жайлы өмір сүруіміз үшін бірінші кезекте білімді болуға талпыныс керек. Жас та, жасамыс та. Мәдениеттілік те сол білімдіге тән қасиет. Әр азамат біліктілігін арттыруға салауатты өмір сүруге бейім болса, талпынса, ел бірлігі бекем болса, алынбайтын қамал жоқ. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді». Біз жастарымызды, өскелең ұрпақты осы бағытта тәрбиелеп, бейімдеуіміз қажет. Олардың білім мен ғылымға, жаңа технологияны толықтай меңгеруіне мүмкіндік жасауымыз керек. Сонда кәсіпорындарымыз өркендеп, табысты болары анық. Еліміз де қуатты болады. «Білімді мыңды жығады, білімсіз бірді жығады». Менің ұстанымым осыған саяды. Келешегімізге салған инветициямыз – байтағымыздың мықты болуының кепілі.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған міндеттерінің бірі – шағын және орта бизнесті дамыту, қолдау. Біздің өңірімізде үш миллионға жуық адам өмір сүріп жатыр. Олар еңбек етіп, табыс табуға бейімделуде. Осы орайда, Үкімет тарапынан жеңілдетілген несие беріліп, шетелдік озық технологияларды меңгеруге, алып келуге мүмкіндік жасалса, сапалы отандық өнім өндіріледі. Оны экспортқа шығаруға атсалыссақ, нәтижесін, жемісін ел көрер еді.
Жаратушы әрбір қазақстандыққа жақсы өмір сүруді нәсіп етсін деген тілеуім бар. Алла Тағала тыныштығын беріп, салауатты, бейбіт өмір сүрейік!

Республика күні құтты болсын!

Анарбек ОРМАН, «Су ресурстар-маркетинг» ЖШС бас директоры

#Республика_күні