САПАСЫЗ ӨНІМ САТЫЛЫМНАН АЛЫНДЫ

228

Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті халық тұтынатын тауарлардың қауіпсіздігін ай сайын бақылауда ұстайды. Биылғы жеті айда қаладағы сауда объектілерінен барлығы 1702 тағам және тағам емес өнімдер сынамалары зертханалық зерттеулерге сатып алынды.

Нәтижесінде зерттелген 1039 тағам үлгілерінің 44-і (4,2%) гигиеналық нормативтер мен техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмеді. Олардың арасында отандық өндірушілердің өнімдері – 3 (6,8%), Еуразиялық экономикалық Одаққа мүше мемлекеттердің өнімдері –37 (84,1%), басқа ел өнімдері – 4 (9,1%)).
Соның ішінде сәйкессіздіктің ең көп үлесі энергетикалық сусындарға тиесілі болды. Жүргізілген сараптамалар нәтижесінде энергетикалық сусындардың 57 сынамасының 11-де техникалық регламенттер талаптарға сәйкессіздігі анықталған. Атап айтқанда, энергетикалық сусындар құрамында натрий бензоатының нормадан артуы, ашытқы және зең микроорганизмдерінің табылуы, таңбалануы дұрыс болмауы тіркелген.
Кеден Одағының техникалық регламенттері талаптарына сәйкес келмеген өнімдер бойынша 18 сауда субъектісіне заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар беріліп, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 425 бабының 1-бөлігіне сәйкес 183 780 теңгеге 4 айыппұл салынды. Сонымен қатар, техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмеген жалпы құны 1 031 900 теңгені құрайтын 1971,53 келі тағам өнімдері сатылымнан алынып тасталды.
Сондықтан сауда орындарынан тағам өнімін сатып аларда өнімнің сыртқы пішіні, бүтіндігі мен орамына қарау қажет. Қаптамасындағы таңбалауға баса назар аудару қажет.
Таңбалануда өнімнің атауы, дайындалған күні мен жарамдылық мерзімі, өнімнің шыққан елі, дайындаушының атауы және орналасқан жері, тауар белгісі (сауда маркасы), таза салмағы, құрамы, тағамдық және энергетикалық құндылығы, өнімді сақтау шарттары, ГТА (генетикалық түрлендірілген ағзалар) туралы мәлімет, ЕАС (Еуразиялық сәйкестік) белгісі міндетті түрде көрсетіліп, таңбалауы мемлекеттік және орыс тілдерінде тұтынушыға түсінікті болып жазылуы тиіс.
Қауіпсіз тағам өнімін дұрыс таңдай білу – денсаулықтың кепілі.

ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»