ШАРДАРАДА КӨШПЕЛІ КЕҢЕС ӨТТІ

363


Бүгін Шардара ауданында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Жиынды Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов ашып жүргізіп отырды.
Келелі жиынға Шардара ауданы әкімінің орынбасары Нұрмаханбет Сапаров, Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Шері Оспанов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Азизхан Исмайлов және аудан, қалалардағы Қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары мен мүшелері қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру мен дамытуда азаматтық институттардың, қоғамдық, саяси және басқа бірлестіктердің күш-жігерін шоғырландыру.
Жиында сөз алған Эльмира Жанғазиева Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңестері – маңызды мәселелерді талқылаудың, сындарлы шешімдер қабылдаудың әмбебап диалог алаңына айналғанын атап өтті.
–Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңестері қызметінің тағы бір бағыты — қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру мен дамытуда азаматтық институттардың, қоғамдық, саяси және басқа бірлестіктердің күш-жігерін шоғырландыру, олардың өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру болып табылады. Кеңес мүшелері бұл бағытта да нәтижелі жұмыстар атқарып отырғанын айта кетуіміз керек, — деді Эльмира Ұласбекқызы.
Өз кезегінде сөз алған Шері Абдубакірұлы күн тәртібіндегі «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобаның орындалуы бойынша «Тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту» бойынша, Азизхан Азимханұлы «Көліктік байланысты қамтамасыз ету және өңірдің көліктік-транзиттік әлеуетін жоғарылату» тақырыптарында баяндама жасады.
Іс-шара барысында Қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары мен мүшелері пікірталастарда белсенділік танытып, ұсыныстарын ортаға салды-деп хабарлайды баспасөз қызметі.
ARA-ақпарат