Шымкент: Қонаев даңғылы жолайрығындағы өткел 1 қазанға дейін ашылады

719

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасовтың қатысуымен брифинг өтті.

Баспасөз мәслихатында Ержан Жақсылықұлы басқарма тарапынан жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндады.

– Бүгінде құрылыс-жөндеу жұмыстарымен 182 нысан (311,3 шқ.) қамтылған. Жыл қорытындысымен 169 нысан (270,3 шқ.) пайдалануға беріледі. Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес қазіргі таңда Рысқұлов-Қонаев көшелерінің қиылысындағы жолайрығын салу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын толығымен аяқтау мерзімі 2021 жылдың желтоқсан айына, ал Қонаев даңғылын тоннель арқылы көліктердің қозғалысына ашу осы жылдың 1 қазанына дейін жоспарланып отыр, – деді басқарма басшысы.

Спикердің сөзінше, А-2 Айналма жолының құрылыс мерзімі 2018–2024жж. аралығына жоспарланған. Жалпы 8 кезеңнен тұрады: 1-кезең – Қ.Төлеметов көшесінен Ынтымақ ш/а дейінгі аралық, 2-кезең – Ынтымақ ш/а Темірлан тас жолына дейінгі аралық, 3-кезең – Жанаталап елді мекеніне бұрылыстан кейінгі Бадам өзені көпір жүйесі, 4-кезең Темірлан тас жолынан Бадам өзеніндегі көпірге дейін. Кезеңдер бойынша жолдың екі жағынан да су ағатын арық, жасыл аймақ, тратуар, жарық шамдар көзделген. Қазіргі таңда 1-кезең бойынша 90 пайыз, 2-кезең 60 пайыз, ал 3 кезеңде 100 пайыз жұмыстар атқарылған. Ал 4-кезең келесі жылға өтпелі. Қалған 5,6,7,8-кезеңдердің басталуы 2022 жылға жоспарланған.

Сонымен қатар, қала бойынша күрделі жөндеу жұмыстарына жалпы саны 71 көше (49,8 шқ жол) белгіленген. Бүгінде Қаратау ауданы бойынша 75 пайызға жуық, Абай ауданы бойынша 80 пайыз, Еңбекші ауданы бойынша 100 пайыз жұмыстар атқарылған. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 21,9 шақырым болатын 9 магистральды көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, биылға жаңа үлгіде 250 аялдама орнату көзделсе, қазіргі уақытта 160 аялдама орнатылған. Ал бүгінде қаладағы 50 мектептің көшелерінің жол таңба сызықтарын жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.