Шымкентте вакцинациялау бекеттері демалыс күндері де жұмыс істеп тұр

402

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов пен Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаевтың қатысуымен брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде Бақытжан Жолдасбекұлы қаладағы эпидемиологиялық ахуалға тоқталды.

– Шымкент қаласы «қызыл» аймақта тұр. Жыл басынан бері 27 935 жағдай тіркелді. Оның 341-і симптоммен, 77-сі – симптомсыз. Қазіргі таңда қалада эпидемиологиялық жағдай күрделі. Сол себепті барша тұрғындарды екпе алуға шақырамын. Өз денсаулықтарыңызға жауапкершілікпен қараңыздар. Дәрігерлер робот емес. Осы індетпен күресу үшін күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Сіздер де көмектесіңіздер. Екпе алып, өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар. Екпе алушылар үшін сенбі-жексенбі күндері барлық емханада вакцинация бекеттері сағат 08:00–20:00 аралығында жұмыс істейді, – деді Б.Позилов.

Брифингте белгілі болғандай, қала бойынша «Ashyq» жобасына 4 603 нысан енген. Бұл жобаға қатысушы нысандарда QR-коды арқылы «қызыл» және «сары» статуспен анықталған жеке тұлғалар бойынша 1 033 хабарлама түскен. Қала бойынша 919-ы анықталды. Оның 524-і – «қызыл» және 395-і «сары» статуспен анықталған.

Баспасөз мәжілісі барысында Әбдіманап Қошқарұлы «Ashyq» жобасы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– «Қызыл» және «сары» статуспен анықталған тұлғаларға 14 күндік үй карантинін сақтаулары керектігі туралы хабарлама берілді. Ал «сары» статуспен анықталған тұлғаларға санитариялық-эпидемияға қарсы шараларды орындаулары туралы 317 Қаулы шығарылды. Басқа облыстардан келіп анықталған жеке тұлғалар (114 адам) бойынша санитариялық-профилактикалық іс-шаралар атқару үшін аумақтық департаменттерге хаттар жолданды. Карантин режимін сақтамай, «қызыл» мәртебесімен анықталған 137 жеке тұлғаға айыппұл салынды, – деді департамент басшысы.

Айта кетейік, қала тұрғындарын вакцинациялауды ұйымдастыру үшін 43 егу бекеті бар. Одан бөлек, 25 жылжымалы егу бекеті жұмыс істеп тұр.