АБАЙ, РУХАНИЯТ, ПАРАСАТ, ТАНЫМ…

Бүгін ауданымызда Абайдың 10 күндігі аясында зиялы қауым өкілдері мен қоғамдық ұйымдар төрағаларының қатысуымен тікелей эфирдегі тағылымды жиын өтті. Бұл шараға «Ордабасы оттары» газетінің баспасөз клубы ұйытқы болды.
Шара еркін форматта өтіп, қатысушылар даналығын әлем мойындаған дарабоз ақынымыздың өмір жолы, шығармашылығы, тағылымына терең бойлады. Абайдың адамгершілікке, білім мен ғылымға ұмтылуға шақырған терең ойлы өсиеттерін кеңінен талқылады.
Жиында айтылған ойлар мен тұжырымдар әрбір жүрекке жылы ұялап, болашаққа нық сеніммен қарауға үндеді. Абайдың рухани мұралары адамзаттың санасында жаңғырып, рухани жаңғыруға жол аша берері сөзсіз екені айтылды. Абай шығармаларында парасат пен таным ең негізгі құндылық деп айшықталды .
Ой түйіні — ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы арқылы терең ой мен парасатқа бойлау, оның даналығын бүгінгі күнмен сабақтастыру болды.
Бұл шара әрі қарай да жалғасын тауып, ұлы ақынның мұраларын ұрпаққа жеткізу жолында маңызды рөл атқара берері анық.
Келесі кезекте ХҚТУ-дің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Әліпхан «Абайдың өзіндік ілімі» атты мазмұнды баяндамасын ұсынып, хәкімнің адам болмысын танудағы терең философиясын жан-жақты тарқатты.
Одан соң профессор, ғылым кандидаты Бекжігіт Сердәлі Кенжебекұлы Абай шығармаларын заманауи көзқараспен саралап, оның тәрбиелік әрі тілдік құндылығын айрықша атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында сондай-ақ зейнеткер-дәрігер Сағымбеков Болатхан, Тілдерді оқыту және дамыту орталығының директоры Ташева Ақнұр, тіл жанашыры Нұрмахан Баттал, аудандық кітапхана қызметкері Сәуле Исабек, бөлімнің бас маманы Назира Мусаева сынды азаматтар қатысып, ұлт тілінің бүгіні мен болашағы жайлы келелі ойларын ортаға салды.
Сондай-ақ, орталықтың қазақ тілі оқытушысы Абжалова Замира «Абай тағылымы – қазақ тілінің қадірін арттыру жолы» тақырыбында баяндамасында ақынның тіл мен руханиятқа сіңірген өлшеусіз еңбегін кеңінен тарқатып берді.
Жиын соңында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бақытжан Сүлейменұлы бірқатар қатысушыны қоғамның Алғыс хатымен марапаттады.
Қатысушылар Абай мұрасының – ұлтты ұйыстырар, тілді ұлықтар рухани алтын көпір екенін атап өтіп, осындай игі шаралар жалғасын табуы қажет деген ниеттерін білдірді.