ШЫМКЕНТТЕ ЕҢБЕК ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР: ЖАЛАҚЫ ҚАРЫЗЫ, ҚАУІПСІЗДІК ТАЛАПТАРЫ ЖӘНЕ ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚТАР ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

47
Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті 2025 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша еңбек заңнамасы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуына қатысты бірнеше маңызды мәселелерді көтеріп отыр. Қаланың жұмыс орындарында жалақы берешегі, еңбек даулары, жазатайым оқиғалар, тексерулер нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтар және қайғылы оқиғалар күн тәртібінен түскен емес. Осы және өзгеде мәселелер жайлы бүгін Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы Мақұлбаев Жеңіс Тілләбайұлы баяндады.
Жалпы жыл басынан бері еңбек инспекциясы 222 тексеру жүргізіп, 162 заңбұзушылықты анықтаған. Оның ішінде:
• 140 бұзушылық толық жойылған,
• 16 – қаралу сатысында,
• 6 – сот орындаушыларының өндірісінде.
Нәтижесінде 59 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 12,8 млн теңге айыппұл салынған. Айыппұлдың 8,6 млн теңгесі мемлекет бюджетіне өндірілген, қалған 4,2 млн теңге – төлеу мерзімінде тұр.
Бүгінде Шымкенттегі 13 кәсіпорын 90 қызметкерге 133,46 млн теңге көлемінде жалақы берешегін өтеуге міндетті. Ағымдағы қарыздың ең көп сомасы:
• «Шымкентхиммонтаж» ЖШС – 19 млн теңге (3 жұмысшы),
• «Total Industry» ЖШС – 4,7 млн теңге (4 жұмысшы),
• «Хлопкопром-Целлюлоза» ЖШС – 5,7 млн теңге (7 жұмысшы).
Жеке сот орындаушылары арқылы 4 кәсіпорынға қатысты мәжбүрлі өндіріс жұмыстары жүргізілуде.
Ең күрделі жағдай – банкроттық пен оңалту рәсіміндегі 8 кәсіпорын. Олар 72 жұмыскерге 102,3 млн теңге берешек. Бұл — барлық берешектің 77,3% үлесін құрайды. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш 2025 жылдың ақпан айынан бері өзгеріссіз қалып отыр.
Дегенмен, қабылданған шаралар нәтижесінде 170 жұмыскердің құқықтары қорғалып, оларға 60,4 млн теңге жалақы қайтарылды.
Жалақы берілмеуіне байланысты «Хлопкопром-Целлюлоза» ЖШС жұмысшылары БАҚ-қа жүгініп, ұжымдық еңбек дауы туындау қаупі пайда болды. Департамент мамандары дереу араласқан соң, 7 жұмыскерден ұжымдық шағым түсіп, тексеру басталды. Белгілі болғандай, компания өнімдерін Еуропа нарығына шығара алмай, қаржылай қиындыққа тап болған.
Берешек – 5,7 млн теңге. Компания жалақыны 23 маусымға дейін өтеуге уәде бергенімен, бұл орындалмай, құжаттар жеке сот орындаушылар палатасына тапсырылды. Қазіргі таңда бұл мәселе тұрақты бақылауда.
Жыл басынан бері Шымкентте 13 өндірістік жазатайым оқиға тіркеліп, соның салдарынан 9 адам ауыр жарақат алып, 4 адам қаза тапты. Оқиғалардың негізгі себептері:
• Жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктер – 8,
• Жұмысшының өрескел абайсыздығы – 3,
• Жол-көлік оқиғасы – 2.
Еңбек инспекциясы барлық жазатайым оқиғалар бойынша арнайы тергеулер жүргізіп, нәтижелерін құқық қорғау органдарына жолдаған. 2 іс сотқа жіберілген, 3 іс өндірістен тоқтатылған, қалғаны тергеу барысында.
Сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігі бойынша семинарлар, түсіндіру жұмыстары және алдын алу шаралары тұрақты жүргізілуде.
Өндірістегі жарақаттардың артуы мен жалақы берешегінің шешілмей отырғаны жүйелі мәселелердің бар екенін көрсетеді. Осыған орай, Департамент қолданыстағы заңнамаға еңбек қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар жолдады.
Еңбек адамы – ел тірегі десек, оның қауіпсіздігі мен әділ еңбекақысы мемлекеттің ең басты назарында болуы тиіс.