Халық денсаулығын сақтауда қоғам түсінігін кеңейтетін жұмыстар атқаруды тапсырды

381

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов орталық мемлекеттік органдарға қарайтын аумақтық департаменттердің жұмысымен танысу және саладағы өзекті мәселелерді талқылау жиынында қалалық денсаулық сақтау басқармасына халық денсаулығын сақтаудағы жұмыстарды жоспарлы түрде, жоғары ұйымдастырушылық тәртіпте жүргізуді тапсырып, екпе жұмыстарының барлығын мерзімдерінде атқаруды жүктеді. Бұл бағытта медицина қызметкерлерінің бір бөлігі жоспарлы жұмыстарымен айналысса, екінші бөлігі – коронавирус індетінің таралуымен күрес жүргізу керектігіне көңіл бөлді.

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет пен медициналық ұйымдар халық арасындағы түсіндіру жұмыстарында белгілі бір жүйелі тәртіпті ұстануы керектігін назарға алды. Тұрғындардың өз денсаулығын қорғауда білімі жеткіліксіз болғандықтан, дәріханалар жанындағы екпе егу бөлмелеріне көптеп жүгініп жатқандығын алға тартты.

Жиында дәріхана мамандары тарапынан covid індеті бойынша ем жүргізу протоколына сай келмейтін дәрілер тағайындау жағдайлары орын алып жатқандығы айтылып, тұрғындар арасында ауруды асқындырып алмау жөнінде сауатты түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізу керектігі айтылды.

Қала басшысы бұл бағыттағы ақпараттық жұмыстардың бағыты мынадай мәселелерді қамтуы тиіс деді: Дерт жұқтырған адам алдымен не істеуі керек екенін, оның әрі қарайғы әр қадамын түсіндіріп айтатын жұмыстар жүргізуді тапсырды. Эпидемиология мамандары індет таралуына қандай жағдайлар себепші болатынын айтып отырса, медицина мамандары алгоритм бойынша емге жүгінудің жолдарын түсіндіруі керек деді. Ақпараттық жұмыстардың барлығы халыққа ұғынықты әрі тез қабылдауға бейім болуы керектігін атап өтті.