Карантин талаптарын қатаң сақтау қажет

413

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жұмыстары туралы мекеме басшысы Әбдіманап Тулебаев баяндады.

Үй карантиндік режимін сақтау мәселесінде 38 хабарлама түсіп, оның 11-і — «қызыл» мәртебесі берілген азаматтар болса, 27-сі – «сары» мәртебесі бар азаматтар екендігі анықталған. Карантиндік режимді сақтамағаны үшін осы санаттағы тағы 7 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлдар салынған.

Қала әкімі бүгінгідей күрделі кезеңде медициналық ұйымдар мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметіне түсіп отырған жүк ауыр екендігін атап өтті. Бүгінгі күннің өзінде коронавирус індетін жұқтыру дерегі бойынша тәуліктік көрсеткіш 575 жағдайға тіркеліп отырғандығына алаңдаушылық білдірді. Дерттің балалар арасында жаппай таралуына жол бермес үшін барлық қажетті шараларды атқару керектігіне тоқталды.

Індет жұқтырудың тәуліктік көрсеткішінде қалаға уақытша келген, басқа аймақтардың тұрғындары көптеп кездесіп жатқандығын алға тартып, аурудың таралуын мейлінше төмендетуде адамдар арасындағы барыс-келісті азайту бағытында пәрменді жұмыстар атқару керектігіне тоқталды. Бұл бағытта қонақ үйлер мен отельдер қызметін ерекше бақылауда ұстап, вахталық әдіспен қызмет атқаратын кәсіпорындар жұмысшыларының топтасып қоныстануларына жол бермеу керектігіне назар аударды.

Карантин талаптарының сақталуын қамтамасыз етуде нәтижелі жұмыстар жүргізу барысында кәсіпкерлік нысандарының қызметін шектеу емес екенін ұғындырып, осы бағыттағы мемлекеттік органдардың басты талабы – азаматтар топтасуына жол бермеу, дерттің жаппай таралуына жағдай жасамау ұстанымы болуы тиіс деді.