Темекімен күрес: Халықаралық тәжірибе

23

Бүгінде қазақ ұлтының денсаулығын барынша тұншықтырып отырған бір дерт бар. Ол – темекіге тәуелділік. Бұл осы күнгі ғана емес, келешек ұрпағымыз үшін де қауіпті қатер. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне жүгінсек, жер шарындағы халықтың 18 пайызы яғни, бір миллиард адам темекіге тәуелді. Ал, жылына бес жарым миллионға жуық адам темекі зардабынан туындаған аурулардан өмірін қияды екен. Осы мәселенің маңыздылығын Түркістан қаласының тұрғындарына түсіндіру мақсатында елімізде атқарылып жатқан шаралар жөнінде мәліметтерді ұсынамыз. ДДСҰ мамандары жаһандағы барлық мемлекеттерге темекінің заң жүзінде жарнамалауға қатаң тыйым салуға ұсыныс білдіруде. Халықаралық ұйым өкілдері жасаған зерттеулері балалар темекі тартуды неғұрлым ерте бастаса, соғұрлым никотиннен бас тарту қиынға түсетінін дәлелдеген. ДДСҰ мамандары дүние жүзі адамдарының небары 5 пайызы ғана шылымды әспеттейтін жарнамалық дүниелерден аулақ екендігін айтады. Ал қалған 95 пайыз бөлігі шылым өнімдерін үгіттейтін жарнамаларды күндіз-түні көреді екен. Егер, нақты шара қолданбай, осы сарынмен жалғаса берсе, ғасыр соңына дейін 1 миллиард пенденің ажалы темекіден болатыны анық. Пайдасын темекі өнімдерінен көріп жүрген өндіріс орындар нарық аясын кеңейтуге, демек, азаматтарымыздың жаппай темекі тартуына мүдделі. ДДСҰ мамандарының айтуынша темекі өнімінің жарнамалары толық тоқтатылса, темекі тартатындар саны 16 пайызы төмендейтінін анықтаған.

Қазіргі таңда барша ғалам жұртшылығы осы әлеуметтік қауіпті әдетке қарсы күресуде. Әлемдік тәжірибеге сай бұл індетке қарсы күрес алдын алу мен экономикалық шараларды қолдану тәсілдері арқылы жүзеге асады. Алдын алу әдістерінің бірі – темекінің қорабына өнімнің зиянды екені жазылатын ескертулер. Австралияда темекі қорабтарында өндірушінің фирмалық логотипі көрсетілмеген керісінше темекі тартушылар арасында таралатын аурулардың зардабы туралы жағымсыз суреттер берілген. Қазірдің өзінде Ұлыбритания, Канада, Үндістан, Жаңа Зеландия мен Норвегия сияқты елдер де нарыққа осындай өнімді енгізуді көздеп отыр. Еуропа елдері 2025 жылға дейін Еуроодақ темекіні саудадан мүлдем алып тастауды нысанаға алып отыр. Ресейде мектеп пен колледждерде темекі тартқан мұғалімдерге қомақты айыппұл салынады екен. Батыстың көптеген елдерінде қоғамдық орындарда шылым шегуге заң жүзінде тыйым берілген. Францияда осындай заң күшіне енгеннен кейін, кафе мен мейрамханалардың табыстары 10-15 пайызға кеміп, жүрек, қан тамырлары ауруынан өмірмен қош айтысатындар саны 15 пайызға азайыпты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, әлемдегі 2 миллиард жас өспірімдер темекінің түтінімен уланған. Ал Қазақстан халқының 5 миллионы шылым шегеді. 600 мыңнан астамы қыз-келіншектер болса, 140 мыңы – 13-15 жас аралығындағы жеткіншектер. Қазақстандықтардың басым бөлігі жиырмаға толмай жатып, темекінің дәмін татады екен. Өкініштісі, елімізді жылына – 25 мың, күніне 70 адам шылымның кесірінен туындаған дерттерден көз жұмады екен.

Сондықтан шылымсыз қоғам құру денсаулықты қорғау мен өмір сапасын арттырудың маңызды қадамы болып табылады. Мұндай қоғамды қалыптастыру үшін бірнеше тиімді жолдарды қарастыру қажет. Темекінің зиянын түсіндіру және оның салдары туралы халықты ақпараттандыру – шылымсыз қоғам құрудың алғашқы қадамдарының бірі. Мектептерде, жоғары оқу орындарында, еңбек ұжымдарында темекі шегудің зияны туралы дәрістер, семинарлар мен тренингтер өткізу керек. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде темекі шегудің денсаулыққа кері әсерлері туралы ақпараттық науқандар ұйымдастыру тиімді.
Әлем тәжірибесі бойынша ең тиімді шара – экономикалық ықпал ету тәсілі. Яғни, темекі бұйымдарына мемлекеттік акциз мөлшерін арттыру. Еуропа елдерінде бір темекі қорабы құнының акциздік үлесі 80 пайызды құрайды. Украинада – 30, Ресейде – 23, Беларуста – 20 пайызды жуықты құрайды. Ал, Қазақстанда 13 пайызды құрап отыр. Шылымның бір қорап бағасы орта есеппен 1 литр сүттен арзан болып отыр екен. 2012 жылдың 20 маусымында «Темекі түтінісіз Қазақстан үшін» ұлттық коалициясы темекі өнімдеріне акциз мөлшерін 2013 жылы көтерген. 2013 жылдың сәуір айынан бастап үш концерогенді, мутагенді және күшән, полоний 210, бензол және басқа улы заттар туралы мәліметтер орналастырып, темекі түтінінің улы құрамы жөнінде қазақстандықтарды көбірек хабарландыру мақсатында темекі қорабының сол қапталына мәтіндер мен суреттер жариялануда. Ал, темекі акциздерінің төмен болуы өндірушілер үшін өте тиімді. Темекі нарығында жұмыс жасап жатқан компаниялардың көбісі шетелдік. Демек, Қазақстандағы темекі компаниялары тапқан табыстарының 80-90 пайызы елден өзге елдерге ұшып кетеді деген сөз. Бұның да пайдасын шетелдік алпауыт компаниялар көруде.

Темекіге тәуелділікті жеңу үшін шылым шегуді тоқтатқысы келетіндерге медициналық және психологиялық көмек көрсету қажет. Арнайы орталықтар ашып, оларды темекіні тастауға арналған бағдарламалармен қамтамасыз ету шылымсыз қоғамға жақындататын маңызды қадамдардың бірі болмақ. Шылым шегумен күресте бүкіл қоғамның қатысуы маңызды. Қоғамда темекі шегудің зияндылығын түсіндіретін құндылықтар мен ережелер қалыптасуы тиіс. Жергілікті билік органдары, жұмыс берушілер, білім беру мекемелері, үкіметтік емес ұйымдар бірлесе жұмыс істеп, шылымсыз қоғамды қолдайтын іс-шаралар ұйымдастыруы керек.

Жалпы темекінің зияны мен салдары жайлы аз жазылып жатқан жоқ. Соған қарамастан, мамандар темекі шегетіндер қатарының көбейіп жатқанын айтып, дабыл қағып отыр. Әсіресе, жастар арасында кең таралған электронды темекіні тұтынушылар көп. Сондықтан да оның алдын алу үшін мемлекеттік деңгейде ғана емес, әлемдік деңгейде жүйелі шаралар қабылдануы қажет. Медицина қызметкерлері темекі шегушілермен үнемі жұ мыс істеп, әрбір кездесуде темекіні тастау қажеттілігі туралы айтуы керек. Өйткені тәжірибе көрсеткендей, темекіні тастауға көмектесетін қаншалықты тамаша технологиялар болса да, ең бастысы – мотивация, шылым шегетін адамның темекіні тастауға деген ұмтылысы болмаса, олар – тиімсіз. Сондықтан жастар көп пайдаланатын әлеуметтік желілерге сапалы видеолар, рилстар түсіру арқылы саналарына әсер ету керек.