ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ТАЗАЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Жетісай ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жалпыхалықтық деңгейде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы аясында ауқымды сенбілік өтті. Тазалық шарасына аудан әкімі Серік Мамытов қатысып, сенбілікке атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді. Қала, кент, ауылдық округтердің елді мекендеріне, республикалық және облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуге 2,5 мыңға жуық адам қатысты. Олардың қатарында
мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерден, ерікті азаматтар мен ауыл тұрғындарынан, аудандық мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер болды.
Сонымен қатар, 20-ға жуық техника жұмылдырылып, ретсіз тасталған күл-қоқыстар тиісті орындарға шығарылды. Айта кетейік, бұған дейін де аудан басшысының тапсырмасымен аудан аумағында тазалық жұмыстарын бір қалыпқа келтіру, жүйелендіру мақсатында коммуналды сала қызметкерлері мен ауыл билерінің, аудандық полиция бөлімі өкілдерінің қатысуымен арнайы жиындар өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Одан бөлек көпшілік орындар мен адамдар жиі жүретін жерлерге тазалықты сақтау, санитарлық талаптарды орындауға шақыратын үнпарақшалар ілінген, бейнебақылау камералары орнатылған. Мұның бәрі бірінші кезекте қоғамды қоқыстан тазартуға, тұрғындардың мәдениеттілігі мен тазалық жұмыстарын сақтауға мүдделі болуларына, түрлі жұқпалы аурулардың алдын алуға оң ықпалын тигізері анық.