ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БОЙ КӨТЕРЕТІН НЫСАНДАРДЫҢ СӘУЛЕТТІК ЖОБАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен құрылыс нысандарының сәулеттік жобаларын талқылауға арналған кеңес отырысы өтті. Жиынға қала және аудан әкімдері, жауапты басқарма басшылары, сәулетшілер мен жеке инвесторлар қатысты.
Кеңесте Түркістан қаласы мен облыс аумағындағы құрылыс нысандарының сәулеттік келбеті, жаңа жобалардың өңірдің дизайн кодына үйлесімділігі пысықталды.
Облыс басшысы әрбір жобаны іске асыруда жұмыс сапасына, абаттандыру жұмыстарына ерекше назар аударуды тапсырды.
– Түркістан – тек облыс орталығы емес, рухани астана. Сондықтан қала мен аудандарда салынатын әрбір ғимараттың сәулеті қатаң бақылауға алынған. Нысандар ұлттық нақышта әрі заман талабына сай бой көтеруі тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.
Кеңесте Түркістан қаласында Тәуке хан даңғылы мен Байбұрт көшесін байланыстыру жобасы, Рәміздер алаңы жобасы, Әкімшілік-іскерлік орталығында орналасатын мейрамхана және қонақ үйдің сәулеті таныстырылды. Одан бөлек, Түлкібас ауданындағы Т.Рысқұлов елді мекеніндегі орталық көше бойын абаттандыру және ғимараттардың қасбеттерін ретке келтіру бойынша ұсыныстар айтылып, Иірсу елді мекенінде аллея және қарау алаңын салу жобасы қаралды. Сонымен қатар Созақ ауданы, Шолаққорған елді мекенінің орталық көше бойын абаттандыру және ғимараттардың қасбеттерін ретке келтіру жоспарлануда. Одан бөлек, Созақ ауданында орналасқан «Баба Түкті Шашты Азиз» кесенесінің аумағын абаттандыру жобасы талқыланды.
Кеңес барысында жаңа нысандардың сәулеті бойынша ұсыныс-пікірлер айтылып, жобаларды жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берілді.