ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 180 НЫСАННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

14

Түркістан облысында биыл 180 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде, 52 жаңа нысан болса, 128-і – өтпелі нысандар. Нақтырақ айтқанда, 2 әкімшілік ғимаратының, 17 білім нысанының, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 16 нысанның, 4 денсаулық сақтау нысанының, 19 мәдениет нысанының, 26 спорт нысанының құрылысы қолға алынған. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы саласында – 4, абаттандыру саласында – 1, инженерлік инфрақұрылым саласында – 54, «Тұран» АЭА инженерлік инфрақұрылым жүйелері саласында – 4, әлеуметтік салада – 1, тұрғын үй құрылысы саласында 32 нысанның құрылысы жүруде. Жыл қорытындысымен 104 нысанды пайдалануға беру жоспарланса, қалған 76 нысанның құрылысы 2026 жылы аяқталмақ. Бүгінгі таңда 68 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталған. Қалған 36 нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделуде.

Өңірде тұрғындарды баспанамен қамту бағытында ауқымды шаралар қабылдануда. Осы мақсатта жалпы ауданы 132,5 мың шаршы метрді құрайтын кредиттік 2138 пәтерлі 30 тұрғын үйдің құрылысына бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, толық пайдалануға берілді. Сонымен қатар 176 пәтерлі 4 арендалық тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Атап айтқанда, Төлеби ауданында 3 тұрғын үй, Жетісайда 1 тұрғын үй жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі. Одан бөлек, облыс аумағында 578 арендалық пәтер сатып алу жоспарланып, бүгінгі таңда 180 пәтер сатып алынды. Қалған 398 пәтер жоспарға сәйкес жыл соңына дейін сатып алынбақ. Сондай-ақ 2015 пәтерлі кредиттік тұрғын үй сатып алу көзделген. Қазіргі уақытта 1 720 пәтер сатып алуға келісімшарттар түзіліп, Кентау қаласы мен Сайрам аданында 108 пәтер сатып алынды. Ал, Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Ордабасы, Жетісай аудандарында тұрғын үйлер салынуда.

Облыста инженерлік-инфрақұрылыммен қамту мақсатында биыл 29 нысанды пайдалануға беру жоспарланып, бүгінгі таңда 11 нысан пайдалауға қабылданды. Қалған 18 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Нысандардың құрылысы барысы Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті бақылауына алынған.