АРЫСТА ТАҒЫ БІР ЕЛДІ МЕКЕНГЕ ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ

43

Түркістан облысында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде атқарылып келеді. Осы орайда Арыс қаласына қарасты Саналы елді мекенінің тұрғындары көптен күткен қуанышқа кенелді. Ауылға алғаш рет табиғи газ беріліп, игілікті істің басталуына қала әкімі Қайсар Маңқараев арнайы қатысып, тұрғындарды құттықтады.

Салтанатты жиында қала әкімі ауылдастарды қуанышпен құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың тұрмыс-тіршілігін арттыруға баса назар аударып келеді. Бұл бағытта елімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бір дәлелі – Сіздер көптен күткен бүгінгі қуанышты күн», – деп атап өтті.

Іс-шара барысында салтанатты түрде алау жағылып, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар алғыстарын білдірді.

Саналы елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жеке инвестор «Otebay Gaz» ЖШС тарапынан жүзеге асырылды.

Айта кетейік, жыл басынан бері Арыс қаласына қарасты Байырқұм, Жиделі және Көкжиде елді мекендері табиғи газға қосылды. Жыл соңына дейін қала орталығы мен Аққала ауылына көгілдір отын жеткізу жоспарланып отыр.