«АДАЛ АЗАМАТ»: ЖАСТАРДЫ ТЕРІС ДІНИ ЫҚПАЛДАН САҚТАНДЫРУ ШАРАСЫ ӨТТІ

33

Шымкент қаласында Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Жастар ресурстық орталығында «Адал азамат: шет елдегі білім, күмәнді теологиялық оқу орындары және жат діни ағымдардың қаупі» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өтті. Бұл жиынның мақсаты жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, теріс діни ағымдардың қоғамға тигізетін кері әсерін түсіндіру, діни сананы нығайту және рухани тұрақтылықты арттыру болды.

Жиынға республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, теологтар мен дінтанушылар қатысып, жастармен ашық сұхбат өткізді.

Кездесу барысында мамандар жастарға шетелде діни білім алу кезінде сақтық шараларын сақтау қажеттігін, күмәнді теологиялық оқу орындарының ықтимал зардаптарын, деструктивті діни ағымдардың белгілерін және әлеуметтік желілер арқылы таралатын радикалды идеялардың алдын алу жолдарын кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар қатысушыларға «Әмірдің ақыры», «Адастырған “Ақиқат”» атты деректі фильмдер мен «Жат ағымның қаупі қандай?», «Онлайн медресе – кімнің ордасы?» атты бейнероликтер көрсетілді.

Іс-шараға екі кезеңде 1400 студент қатысып, мамандарға көкейдегі сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Бағдарлама үш күнге жоспарланып, 5-7 қараша аралығында қаладағы 9 жоғары оқу орны мен 16 колледждің студенттері мен оқушылары қамтылады. Бұдан бөлек, 18 жекеменшік мектепте де түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, «Адал азамат: жат діни ағымдардың қаупі және мектеп ережелерін сақтау» тақырыбында кездесулер өтеді.

Қоғамның дамуы мен тұрақтылығы ең алдымен оның азаматтарының адамгершілігіне, адалдығына және жауапкершілігіне байланысты. Адалдық – кез келген адамның бойындағы ең жоғары моральдық құндылықтардың бірі. Адал азамат – өз ісіне, сөзіне, қоғамына және еліне адал болып, адамгершілік қағидаларын берік сақтайтын тұлға.

Адал азамат – сөзіне берік, өтірікке жол бермейтін, өзіне тапсырылған істі жауапкершілікпен орындайтын, қоғам алдындағы парызын түсінетін адам.

Адалдықтың қоғамдағы рөлі

– Қоғамның тұрақтылығы;

– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу;

– Қоғамдық сенімнің артуы;

– Моральдық тәртіптің нығаюы.

Адал азаматтың қасиеттері

– Ар-намыс пен жауапкершілік;

– Сөзінде тұру;

– Адал еңбек ету;

– Заңды құрметтеу;

– Басқаларды сыйлау;

– Әділ болу.

Адалдықтың негізі отбасында қаланады. Бала шындық айтуға, еңбекқорлыққа, үлкенді құрметтеуге баулынса, өскенде де осы қасиеттерді сақтап өседі.

Мектеп – адамгершілік тәрбиенің басты ортасы. Мұғалімнің үлгісі арқылы оқушылар бойында адалдықтың маңызы артады.

Жастар қоғамның болашағы болғандықтан, олардың бойында адалдық, әділдік, ар-намысты сақтау ерекше маңызды.

Адал азамат – қоғамның тірегі. Адалдық – тұлғаның ішкі мәдениетінің көрінісі. Адал адамдар көп болған жерде әділдік пен сенім орнайды.