ШЫМКЕНТТЕ ПОЛИЦИЯ ЕСІРТКІ АРНАСЫН ЖОЙДЫ

24

Шымкентте полиция есірткі тасымалының арнасын жойды, — деп хабарлайды Polisia.kz. Шымкент қаласының полиция департаменті есірткі қылмыстарымен күреске бағытталған кешенді іс-шараларды жүйелі түрде жалғастыруда. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 15 қазанда еліміздің өзге өңірлерінен Шымкентке есірткі жеткізудің арнасы анықталып, оның жолы кесілді. Күдікті ретінде Алматы облысының тұрғыны ұсталды. Тергеу аясында Алматы облысы мен Алматы қаласында жүргізілген тексеру барысында жалға алынған тұрғын үй мен жасырылған орындардан жалпы салмағы 200 грамға жуық синтетикалық есірткі заты тәркіленді. Тексеру нәтижесінде ұсталған әйелдің бұған дейін де есірткіні өткізу мақсатында жалға алынған автокөлікпен Шымкентке бірнеше рет келгені белгілі болды. Сонымен қатар 22 қазан күні құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз егіп-өсірген жергілікті тұрғын анықталып, қолға түсті. Тергеу барысында оның өз үйінің ауласында жалпы салмағы 2,5 келіден асатын төрт түп сора өсімдігін баптап өсіргені белгілі болды. Аталған өсімдіктер толықтай тәркіленді. Қазіргі уақытта екі дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция департаменті азаматтарға есірткі айналымына қатысты кез келген заңсыз әрекет қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді және қоғамды бұл бағыттағы құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауға шақырады.

Есірткі заттарын сату – қоғамға, адамның денсаулығына және мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіретін аса ауыр қылмыс. Қазақстан Республикасының заңнамасы есірткі заттарын өндіру, сақтау, тасымалдау және сатумен байланысты кез келген әрекетке қатаң тыйым салады.

Есірткі бизнесінің басты мақсаты – заңсыз пайда табу. Бірақ бұл әрекеттің салдары өте ауыр: жастардың өмірі бұзылады, денсаулық нашарлайды, қылмыс деңгейі өседі. Есірткіге тәуелділік адамның физикалық және психологиялық жағдайына орны толмас зиян келтіреді.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі есірткі заттарын сатумен айналысқан тұлғаларға қатаң жаза қарастырады. Бұл жазаларға ұзақ мерзімді бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және қатаң режимді мекемеде жазасын өтеу кіреді.

Есірткімен күрес – әр азаматтың міндеті. Қауіпті заттар туралы ақпаратты құқық қорғау органдарына хабарлап отыру қоғамның денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға көмектеседі. Әсіресе жастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, алдын алу шараларын қолға алу – маңызды бағыттардың бірі.

Есірткі сату – заңға қайшы ғана емес, адам өміріне зиян келтіретін қауіпті қылмыс. Әр адам бұл мәселенің жауапкершілігін түсініп, қоғамның қауіпсіздігі үшін есірткінің кез келген түріне қарсы тұруы қажет.