ТҮРКІСТАН: СОЗАҚ АУЫЛЫНДА «БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР ЖӘНЕ ТЕҢ ҚОҒАМ» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Созақ ауылында «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысты. Жаңа орталықтың жұмысымен танысып, маңыздылығына тоқталып өтті.
– Бүгін ашылып отырған бұл орталық елді мекен тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, зейнеткерлер мен ерекше жандардың қоғамнан шет қалмай, белсенді өмір сүруіне жағдай жасайды. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен өз жалғасын табады, – деді аудан басшысы.
Салтанатты іс-шараға Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қырықбаев пен облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев қатысып, орталықтың әлеуметтік маңызын жоғары бағалады.
Сонымен бірге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, ауданның Құрметті азаматы, Созақ ауылының қариясы Мұрат Жақсыбаев сөз сөйлеп, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар үшін тұрғындар атынан алғыстарын жеткізді.
Жаңа орталықта 13 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік нысан зейнет жасындағы ардагерлер мен 18 жастан асқан ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған. Мұнда бір мезетте 30-ға дейін адамға қызмет көрсету мүмкіндігі бар. Созақ ауылына жақын аумақта орналасқан ауыл қариялары да қызмет алуға болады.
Орталықта тұз шахтасы, психологиялық терапия бөлмесі, дене шынықтыру залы, оқу және демалыс алаңдары, массаж кабинеті, бильярд пен шахмат ойнауға арналған бөлмелер қарастырылған. Барлық жағдайлар азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтуға және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді. Жиын соңында ауыл тұрғындары орталықтың ішін аралап, қызмет түрлерімен танысты.







