ТАБИҒИ ГАЗДЫ ДҰРЫС ПАЙДАЛАНУ – ӘР ОТБАСЫНЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

26

Бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек төмендегідей мәлімдеме жасады.

Шымкент қаласының тұрғындарына табиғи газды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңыздылығы еске салынады. Қауіпсіздік ережелерін дұрыс орындау – оқыс оқиғалардың алдын алып, әр отбасының амандығын қамтамасыз ететін ең маңызды қадамдардың бірі.

Маман¬дардың айтуынша, газ тұтыну жүйелері мен жабдықтарының техникалық жай-күйін уақытылы тексеріп отыру – қауіпсіздіктің басты талабы. Газ қондырғыларына техникалық қызмет көрсету бойынша шарт жасаспай, оны пайдалануға тыйым салынатыны да ерекше назарда болуы тиіс. Сондықтан жоспарлы тексерулерді дер кезінде жүргізіп, жабдықтардың жарамдылығына көз жеткізу маңызды.

Үй ішінде желдетуді қамтамасыз ету де аса қажет. Газ плитасын жылыту құралы ретінде қолдану – газдан улануға және ауыр жағдайларға әкелуі мүмкін. Ал егер үйіңізде бөтен газ иісін сезсеңіз, бірден «104» нөміріне хабарласу керек.

Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, газдан улану мен жазатайым жағдайлардың алдын алуға болады. Сонымен қатар, газ жабдықтарын пайдалану талаптарын бұзу ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 306-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін (жеке тұлғаларға – 7 АЕК айыппұл) ескертеміз.

Табиғи газды дұрыс пайдалану – адам өмірінің қауіпсіздігі үшін аса маңызды талаптардың бірі. Газбен жұмыс істейтін құрылғыларды пайдаланғанда қауіпсіздік ережелерін сақтамау өртке, жарылысқа немесе улану қаупіне әкелуі мүмкін. Сондықтан әрбір азамат газды қолдану барысында өте мұқият болуы қажет.

Газды тиімді және қауіпсіз пайдалану үшін алдымен құрылғылардың техникалық жағдайын үнемі тексеріп отыру керек. Желдеткіштердің жұмысын бақылау, газ плиталары мен колонкалардың ақаусыз болуын қадағалау – басты міндет. Үйде газдың иісі сезілсе, дереу құрылғыларды өшіріп, терезені ашып, газ қызметіне хабар беру қажет.

Сондай-ақ, газ жабдықтарына рұқсатсыз өзгеріс енгізуге, өз бетімен жөндеу жүргізуге болмайды. Барлық техникалық қызмет көрсету жұмыстары тек мамандар тарапынан жасалуы тиіс.

Табиғи газды ұқыпты пайдалану – үй қауіпсіздігінің, отбасы амандығының және қоғамдағы тәртіптің маңызды бөлігі. Қауіпсіздік ережелерін сақтау әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі болып табылады.