«ЖАҚСЫ СӨЗ – ЖАРЫМ ЫРЫС, ЖАҚСЫ КӘСІП – ТОЛЫҚ ЫРЫС»
Халқымыздың «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген мақалын жиі естейміз. Неге екені белгісіз осы мақалдың «Жақсы кәсіп – толық ырыс» деген жалғасы барын көбіміз біле бермейді екенбіз. Иә, адам өмірден өз орнын тауып, тұрмысын түзеп, елге пайдасын тигізуі үшін оған жақсы, берекелі кәсіп көзінің керектігі даусыз. Әрі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бүгінде ел экономикасын алға ілгерілетудің бірден-бір жолы болып отыр. Сондықтан да болар елімізде кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің түрлі жолдары, тетіктері көбейіп келеді. Соның бірі – мемлекеттен берілетін қайтарымсыз гранттар.
Бүгінде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, жаңадан ісін бастап жатқан кәсіпкерлер баршылық. Жалпы, елімізде азаматтарға грант беру бағдарламасы 2019 жылдан бастап қолданысқа енгізілген болатын. Осы ретте «Бастау бизнес» жобасы аясында грант алып, кәсіп ашқан бірнеше бизнес иелерімен тілдескен едік.
Арболиттен салынған үй: қыста – жылы, жазда – салқын
Ерекше жоба авторларының бірі – Нұрымжан Шойбеков. Ол – ағаштан жасалатын арболит блоктарын өндіруді Қазақстанға алғашқы болып алып келген кәсіпкер. Бұрын құқық саласының қызметкері болып еңбек еткен Н.Шойбеков «Елдің өнеркәсібіне үлес қосуды әу бастан қалап жүрдім» дейді.
–Мен өндіріспен айналысуды жастайымнан армандадым. Бірақ сол қаржы жетіспеушілігі қолбайлау болатын. Бірнеше жыл Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында жұмыс істедім. Сол уақытта түрлі кәсіпкерлемен әңгімелесіп, осы арболит блоктары жайында естідім. Кейіннен соның жасалу жолына қызығушылық таныта бастадым. Бұл өнім ХХ ғасырдың отызыншы жылдары Еуропада шығарыла бастаған екен. Ал Кеңес Одағы дәуірінде алпысыншы жылдары танымал болған. Сол уақыттарда монша салуға көп қолданған. Біздің елге 2015 жылдардан бастап келді. Содан бастап мен өзім құжаттарын дайындап, сертификатын алып, осы өнімді өндіріп көруге кірістім. Бизнес-жобам арқылы қайтарымсыз грантты жеңіп алдым. Қазір Шымкентте атап айтарлықтай танымалдылыққа ие болған жоқпыз. Тұтынушылар солтүстіктен, орталық Қазақстаннан тапсырыс беріп жатыр, – дейді кәсіпкер.
Оның айтуынша, арболиттің ерекшелігі одан салынған ғимарат қыста суықтан, жазда ыстықтан жақсы қорғалады. Құрамы ағаш пен цементтің қосындысы болғандықтан салмағы да жеңіл. Бұл құрылыс жұмысын едәуір жеңілдетеді. Қаржысы жағынан да үй салушыға тиімді. Себебі, арболиттен салынған үйді қосымша жылытқышпен қаптап әуре болмайсыз. Қабырғаға шеге қағуда қиындық тудырмайды. Экологиялық таза өнім болғандықтан адам денсаулығына зияны жоқ, керісінше пайдалы екен.
«Бастау бизнес» жобасы – жұмыссыздықты азайтып қана қоймай, монополист компанияларға бәсекелестік тудырып, нарықтағы бағаларды төмендету мақсатында ұйымдастырылған. Бұл жоба бес жыл ішінде бірқатар жетістіктерді көрсетіп отыр. «Бизнес Бастау» жобасы нақты жұ-мыссыздарға және кәсіпкерлікті енді бастаған жандарға арналған. 5 жыл ішінде 185 мыңға жуық қазақстандық кәсіпкерлік негізін оқып, 53 мың бизнес-жоба жүзеге асырылды. Яғни, «Бизнес Бастау» жобасының әр үшінші түлегі өз кәсібін бастаған. Жоба түлектері 70 мыңға жуық жұмыс орнын ашып, 1,5 млрд теңгеден аса салық төлеген.
«Шымкент келбеті»