ЖАС САРБАЗДАР ӘСКЕРГЕ АТТАНДЫ
Шымкенттік 40 жас сарбазды Қазақстан Республикасының Қарулы Күштер қатарына салтанатты рәсіммен шығарып салды. Оқушылар сарайында өткен кешке қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаев, Қарулы Күштер ардагерлері және интернационалист-жауынгерлер кеңесінің төрағалары, сондай-ақ әскерге шақырылғандардың туыстары мен жақындары қатысты.
Жиында сөз алған қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, полковник Ә.Шегебаев жас сарбаздарға сәттілік тіледі.
– Әскер – жас жігіттің өміріндегі маңызды кезең. Әрбір ер азамат қауіп төнген сәтте өз отбасы мен Отанын қорғауға дайын болуы керек. Ал болашақ жауынгерлердің әскери дайындығын ширатып, Отан қорғайтын батыр, рухы мықты сарбаздарды дайындау — бізге жүктелген міндет, — деді полковник Ә.Шегебаев.
Қарулы күштер сапында қызмет ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мұны жете түсінген жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуге сақадай сай. Салтанатты жиында өнерпаздар әннен шашу шашты. Ал, 35748 әскери бөлімінің оркестрі бірнеше музыкалық шығарманы орындап, қару қолданудың түрлі әдіс-тәсілін көрсетті.
Айта кетейік, көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында Шымкенттен ҚР ҰҚК шекара қызметінің қатарына 18- 27 жас аралығындағы 200-ге жуық азамат шақырылған.
Қазақстан Республикасы Конституциясындағы маңызды міндеттердің бірі —Отан алдындағы борышты өтеу. Бұл — әр азаматтың абыроймен атқаратын міндеті. Елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнауы, көк аспанымыздың жарқырауы — сіздерге байланысты. Сіздер әскери міндетті адал орындау арқылы кейінгіге үлгі боласыздар. Әскери борышты өтеу — сіздер үшін үлкен сын. Сол сыннан сынбай, ел қауіпсіздігі үшін қызмет етіп, абыроймен оралатындарыңызға сенім мол.