ШЫМКЕНТТЕ ИНТЕРНЕТ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА БАЙЛАНЫС СТАНДАРТЫ ЕНГІЗІЛДІ

18

«Freedom Telecom» компаниясы Шымкентте кабель тартуды талап етпейтін, жоғары жылдамдықты интернет ұсынатын FWA (Fixed Wireless Access) қызметін ресми түрде іске қосты. Бұл жаңа технология ең алдымен бұрын техникалық тұрғыдан мүмкін болмаған немесе экономикалық жағынан тиімсіз деп саналған аймақтардың жылдам әрі тұрақты интернетке қосылуына жол ашады.

Осыған орай Орталық саябақтағы «Шахматшылар үйінде» арнайы брифинг ұйымдастырылды. Оған «Freedom Telecom» компаниясының мамандары, Шымкент қалалық Цифрландыру басқармасының қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

– Шымкент – еліміздің ең жылдам дамып келе жатқан мегаполистерінің бірі. Біз мұнда болашақ технологиясын енгізгенімізге қуаныштымыз. FWA қызметі үйлерге, бизнес нысандарына, мектептер мен әлеуметтік мекемелерге жоғары жылдамдықтағы интернет желісін жеткізетін болады, – дейді «Freedom Telecom» компаниясының бас директоры Қайрат Ахметов.

Шымкент қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов те FWA қызметінің шаһардың цифрлық жағынан дамуына айтарлықтай ықпал ететінін жеткізді. Мұхит Әбутәліпұлының айтуынша, жаңа байланыс стандарты жасанды интеллект, смарт-қала жобалары және заманауи цифрлық шешімдердің де іске асырылуына мүмкіндік береді. Осы бағытта арнайы жол картасы әзірленіп, тиісті жұмыстар қолға алынды. Соның нәтижесінде қазір мұндай аумақтар саны 11-ге қысқарып отыр», — дейді Мұхит Әбутәліпұлы.

Брифинг барысында басқарма басшысы қаланың интернет инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Соңғы уақытта мобильді байланыс әлсіз қабылданатын аумақтар айтарлықтай қысқарған. «Қалада мобильді байланыс әлсіз қабылданатын 147 аумақ анықталған болатын. Осы бағытта арнайы жол картасы әзірленіп, тиісті жұмыстар қолға алынды. Соның нәтижесінде қазір мұндай аумақтар саны 11-ге қысқарып отыр», — дейді Мұхит Әбутәліпұлы.

Сонымен қатар, биыл өңірде 23 елдімекенде интернет байланысын жақсарту жоспарланған. Оның 15-інде тиісті жұмыстар аяқталып, тұрғындардың жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылуына техникалық жағынан толықтай мүмкіндік қарастырылды. Қалған сегіз елдімекендегі жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Осылайша, қала аумағын 100 пайыз кең жолақты интернетпен қамту жоспары жүзеге асуға жақын.