ӨНЕР ЖӘНЕ БІЛІМ САЛАСЫНДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІ ҚОЛДАНУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

17

Бүгін Оқу-ағарту министрлігінің Talap КеАҚ, Шымкент қаласының әкімдігі және Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект және өнер: әлеуметтік аспектілер және білім» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

Іс-шараның мақсаты – жасанды интеллект технологияларының қазіргі қоғамдағы орны мен рөлін түсіндіру, оның өнер мен білім беру салаларына ықпалын талдау, сондай-ақ осы бағыттағы этикалық және әлеуметтік жауапкершілік мәселелерін қарастыру.

Семинар барысында қатысушылар жасанды интеллектінің адам шығармашылығымен өзара байланысын, шығармашылық ізденісті кеңейтетін жаңа мүмкіндіктерін және цифрлық мәдениеттің болашақ даму үрдістерін талқылады. Жиын ғылыми қауымдастық, білім беру ұйымдары және шығармашылық мамандар үшін тәжірибе алмасуға арналған кәсіби алаңға айналды.

Колледждің оқу ісі жөніндегі орынбасары Асылбек Тастанбеков семинардың маңыздылығын атап өтіп, жасанды интеллектінің педагог кадрлардың кәсіби дамуына әсері туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, жаһандану жағдайында жасанды интеллект білім беру жүйесін түбегейлі өзгертуде және мұғалімдер үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр. «Семинар жасанды интеллект пен өнер саласындағы заманауи үрдістерді талқылауға, сонымен қатар педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған маңызды тәжірибе алаңы болды. Түрлі білім беру мекемелерінен келген мамандар жасанды интеллектіні оқу үдерісіне тиімді енгізу жолдарын ортаға салды», – деді ол.

Өнер және дизайн кафедрасының меңгерушісі Зульфия Иманқұлова жасанды интеллектінің оқу және шығармашылық үдерістегі қолданысын нақты мысалдар арқылы түсіндіріп, бұл технологияның оқытушылар еңбегін жеңілдетумен қатар, студенттердің шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.