САЗГЕР БЕКЖІГІТ СЕРДӘЛІ ӨНЕРСҮЙЕР ҚАУЫМҒА ЖАҢА ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІН ТАРТУ ЕТТІ

22

Шымкент қаласында Мәдениет саласының үздігі, сазгер әрі журналист Бекжігіт Сердәлінің «Жапырақтар вальсі» атты шығармашылық кеші өтті. Ұлттық өнер мен заманауи музыканы үйлестірген бұл кеш миллионды қаланың тыңдармандарын ерекше әсерге бөлеп, өнерсүйер қауымға көңілді кеш сыйлады.

Кеш барысында сазгердің өнеріне құрмет білдіріп Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Абылайхан Оспанов және көптенен танымал өнер адамдары ән шырқады. Дәстүрлі әнші Абылайхан Оспанов, Бекжігіт Сердәлінің әндері қарапайымдылығымен халыққа тез жететінін, шынайылығының жүрекке жақын екенін атап өтті.

— «Неге? Неге?», «Ерке қайың», «Текемет» секілді шығармалар халық жүрегінен орын алып, әр тыңдарманның көңілінен орын алуда. Сондай-ақ кештің шымылдығын Талап Қалмырзаевтің сөзіне жазылған «Текемет» әнімен ашамын. Бұл шығармалар өміршең. Өйткені әннің әуені мен сөзі үйлесім тапқан туынды,- деді Абылайхан Оспанов.

Шығармашылық кеш иесі, сазгер Бекжігіт Сердәлі Шымкент жұртына деген ризашылығын білдірді. Ол ұзақ уақыт бойы мегаполис тұрғындарына жеке концерт беруді жоспарлағанын айтты.

— «Бұл қалада алғаш рет үлкен жеке концертімді беріп отырмын. Шымкенттің жастарына, студенттеріне арнап, кешті «Жапырақтар вальсі» деп атадық. Жапырақтың талдан үзіліп, баяу тербеле жерге түсуі – әуеннің нәзіктігін, музыка әлеміндегі үйлесімдікті білдіреді. Ал вальс – біздің көрермендерімізге деген ықылас. Әрбір тыңдарманымыз әндерімізбен бірге тербеліп, билеп, рухани ләззат алса дейміз», – деді сазгер.

Бекжігіт Сердәлі 1960 жылы қазіргі Түркістан облысына қарасты Үлгілі ауылында дүниеге келген. 1987 жылы Әл‑Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін аяқтады.

Ол еңбек жолын аудандық және қалалық газеттерде тілші ретінде бастады. Кейін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ‑түрік университетінің журналистика кафедрасында ұстаздық қызмет атқарды.

Бекжігіт Сердәлі – филология ғылымдарының кандидаты. Ол журналистика саласының дамуына үлес қосып, ғылыми мақалалар мен еңбектер жазды. Студенттерге шынайылық, адалдық және кәсіби жауапкершілік қағидаларын насихаттады.

Бекжігіт Сердәлі – белгілі композитор. Оның танымал әндеріне «Жас жұбайлар», «Неге, неге», «Ауыл жатыр той жасап», «Ризамын», «Сені іздегем», «Текемет», «Кінәлама», «Қош аман бол» және басқа да туындылар жатады. Оның шығармалары халық арасында кеңінен тараған.

Ол – «Жастар одағы сыйлығының лауреаты», «Мәдениет қайраткері». Сонымен қатар Түркістан және Кентау қалаларының, Сауран ауданының Құрметті азаматы.

Бекжігіт Сердәлі – журналистика мен музыка өнерін ұштастыра білген, өзіне тән қолтаңбасы бар тұлға. Оның еңбектері жас ұрпаққа өнеге болып табылады.