МАҢДАЙ ТЕРМЕН МӘРТЕБЕ ҚОРҒАҒАН – ЕҢБЕК АДАМЫ

Жылу энергетикасы саласында бірнеше онжылдық бойы үздіксіз еңбек етіп, кәсібилігімен ерекшеленген тәжірибелі мамандардың бірі – Пернебек Салкинұлы Бекбауов. Ол өзінің жұмыс жолында техникалық сауаттылықты, жауапкершілікті және қажырлы еңбекті ұштастыра отырып, саланың дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Пернебек Салкинұлы 1984–1987 жылдары Шымкент қалалық №17 орта кәсіптік-техникалық училищесінде «автомобиль кранының жүргізушісі» мамандығын меңгеріп, техникалық бағыттағы кәсібилігінің негізін қалады.
Еңбек жолын 1990–1992 жылдары Шымкент облыстық аграрлы-өнеркәсіптік құрылыс бірлестігіне қарасты құрылыс материалдары зауытында бастап, 3-дәрежелі слесарь, кейін 4-дәрежелі автокран жүргізушісі қызметтерін атқарды.
1999–2002 жылдары «Шымкент-тепло» ААҚ-та жылу желілерін жөндеу бойынша слесарь, қазандық жабдықтары бойынша кезекші слесарь және қазандық қарауылы қызметтерін атқарып, жылу энергетикасындағы тәжірибесін тереңдетті.
2002–2003 жылдары «Энергоцентр-3» кәсіпорнының №24 қазандық бөлімінде кезекші слесарь қызметін атқарды. 2003–2004 жылдары «Жылуэнергоорталық» ЖШС-де 4-дәрежелі қазандық машинисті лауазымын орындады.
2004–2019 жылдар аралығында «3-Энергоорталық» АҚ-ның К-24 қазандық бөлімінде кезекші слесарь әрі қазандық машинисті ретінде ұзақ жыл еңбек етіп, кәсіби тұрақтылығымен және жоғары жауапкершілігімен танылды.
2019 жылдан бастап Пернебек Салкинұлы «Қуатжылуорталық-3» МКК-да К-24 қазандығының 4-дәрежелі машинисті қызметін абыроймен атқаруда. Ол еңбекқорлығы, техникалық сауаттылығы және жауапкершілігімен ерекшеленетін тәжірибелі маман.
Пернебек Салкинұлының қажырлы еңбегі мен мамандыққа деген адалдығы – әріптестеріне үлгі, жас мамандарға өнеге.
Еңбегіңіз еленіп, абыройлы қызметіңіз табысты бола берсін!








