Бауыржан Омаров: КҮЛКІ КОРИФЕЙІ” (Диссертация үлгісіндегі пародия-эссе)

530

Көпентануға кіріспе

Көпке ұнайтын бар өңі,
«Kopen. KZ» – паролі,
Көңіл-күйі келіскен,
Күлкістанның королі!
(Журналистік фольклордан)

Бала кезімізде Қиыр Шығыс жақтан ғой деймін, сымдай тартылған бір офицер тынбай сатиралық дүниелер жазып тұратын. Әр жазғаны нысанаға дөп тиеді. Күлкіден өле жаздайсың. Тапқырлығына таңдай қағасың. Тіпті әскерде жүрсе де әркіммен әзілдесуге уақыт табатын бұл неғылған адам деп таңғаласың…
Оқуға түстік. Әлгі офицердің сатиралық өлеңдері мен шымшыма шумақтарын қатардағы жауынгер Құтмағамбет Қонысбаев екіленіп тұрып, жатқа айтатын. «Әкең семіз бе? Семіз! Шешең семіз бе? Семіз! Ертіп әкелейін, екеуін де жеңіз!», – деп екі иығын жұлып жейтін өрт сөндірушілер отрядының сайыпқыран сарбазы. Сөйтіп, әскери әскериді алыстан танитынын айқын аңғартатын.
Сықақ өлеңдерінің соңына «К.Әмірбеков, офицер» деп қол қоятыны болмаса, Көпен көкеміз біз ойлағандай, генералдықты көздеп жүрген кісі емес екен… Қалың шинель киіп ап, белін жалпақ буып ап, өлең өлкесінде жортқан өз адамымыз болып шықты. Кейін ол жазу өнерінің жандаралына айналды. Сатираның сарбазынан сардарына дейінгі жемісті жолдан өтті.
Бесінші курста оқып жүргенімде журфактың темірдей қатты деканы Темірбек Қожакеевтің жетекшілігімен «Бүгінгі қазақ пародиясы» деген тақырып бойынша диплом жұмысын жаздым. Рецензентім – сол тұста дүниені дүрілдетіп тұрған Көпен Әмірбек. Мен оны іздеп, «Ара» журналының редакциясына келдім. Ағам шілденің аптабына қақталып, қайнап тұрған бөлмесінде су жаңа пиджак киіп, шоқпардай галстук тағып, қылғынып отыр екен. Жетіскеннен емес əрине, журналдың жауапты хатшылығына беку үшін дәу ЦеКаға бармақ… Цекасы бар болғыр, «əне-міне» деп емексіткенімен, жуық арада шақыра қоймай қинайды. Соған қарамастан ми қайнатқан ыстықта пысынап отырып, дипломыма қатырып тұрып пікір жазып, шиырып тұрып қол қойып, қағазымның етегіне құлаштап тұрып мөр басып берді. Сөйтіп, не десең, о де, мен алғашқы ғылыми жұмысыма әдепкі батаны басқадан емес, күлкі корифейінің өзінен алдым.
Көпен ағамның юморлық сезімі көл-көсір. Кез-келген жерден күлкінің көзін, көзін емес-ау, сарқылмас кенін табады. Тастан күлкі табылар аңдығанға… Әр сөзі мақал-мәтел секілді дөңгеленіп түсіп, миыңа шегеленіп қалады. «Көпен келе жатыр!», – деген сөз тіркесі баспасөздің брендіне айналғалы қашан. Сол Көпен ағам әр келген сайын күлкіге қарық қып кетеді…
Ақыры ғылыми жұмысымызға алғашқы бағаны сол кісі берген екен. Ендеше, өзімізге қолайлы диссертациялық еңбектің үлгі-үрдісімен қиялап тартып көрелік. Менің сүйікті рецензентімнің бет-бейнесін, болмыс-бітімін, қабілет-қарымын, деңгей-дарынын зерттеп-зерделеп, талдап-таразылауға тырысайық.

Тақырыптың маңыздылығы.
Көпентану тақырыбы қашанда өзекті. Өзекті болмауы мүмкін емес. Себебі, оның өзінің қаламына ілінген мәселелер ешқашан күн тәртібінен түспейді. Кейіпкерлері қазақ қоғамының сахнасынан жуық арада кете қоймайды. Айналасындағы жұртты зар қақсатып жүре береді. Ал кейіпкерлер бар жерде Көпен бар. «Кейіпкері – Фантомас, Көрермені – алты алаш» дегендей, Көпен ағамның кейіпкерлері қоғамның бір-бір уығын ұстап тұр. Уық тимегендері кетігін тапса да, таппаса да, бір-бір кірпішті жамбасқа басып отыр. Сол кейіпкерлер Көпеннің өзін де, көзін де, сөзін де үнемі қозғалысқа келтіреді. Демек, көпке белгілі көпенология ілімінің мән-маңызы уақыт өткен сайын арта береді деген сөз.

Мақсаты мен міндетттері.
Қазақ сатирасының сарбаздарын көпентану дәрістері арқылы қамшылау мақсаты алға қойылады. Осы жолдағы міндеттер – Көпенше жазу, Көпенше қазу мәселелеріне назар аудару. Жас сатириктерді төтенше әрі Көпенше әрекет етуге баулу.

Теориялық-әдістемелік негіздері.
Жас күнінен ірілі-ұсақты түрлі еңбектерде кейіпкеріміздің аты аталды. Сықақ өлеңдері сөз зергерлерінің жазған дүниелеріне өзек болды. Сондықтан бұл тақырыпқа бұзып-жарып түрен салған нақ біз едік деп кесіп айта алмаймыз. Осыған орай, еңбегімізде қарымды қаламгерлер Оспанхан Әубәкіров, Мыңбай Рәш, Садықбек Адамбеков, Темірбек Қожакеев, Үмбетбай Уайдин, Ғаббас Қабышев, Сейіт Кенжеахметов, Жарасқан Әбдірәшев, Қорғанбек Аманжол, Базарбек Түкібай сияқты жас және жасамыс көпенологтардың жүрек түкпіріндегі жазбалары мен көкірек кенішіндегі қазбалары молынан қамтылды.

Ғылыми жаңалығы.
Бұл еңбек қорғау үшін емес, қолдау үшін жазылып отыр. Әдеттегідей тұрмыстық пародияның талабына сәйкес сынап-мінеу мақсат етілмейді. Кейіпкері көп кейіпкерге тілеулестік танытамыз. Жүрегін жылытамыз, жігерін жанимыз. Темірдей қатты деканымыз, ұстыны берік ұстазымыз Темірбек Қожакеев ілгеріде өмір сүрген тегеурінді теоретиктердің еңбегіне сүйеніп айтқандай, «күлкі – күштілердің қаруы» екенін біле тұрсақ та, «достық рәуішпен» қалам сілтейміз.

Теориялық және тәжірибелік мәні.
Жұмыстың нәтижелерін бүгінгі сатира сарбаздарының шабытына шабыт қосатын әдістемелік құрал ретінде ұсынуға болады.

Сыннан өтуі.
Жекелеген көпентану дәрістері әлеуметтік желіде бірнеше рет жарық көрген. Ауызекі әңгімеде айызымыз қанғанша айтылған. Артық қылам деп тыртық қылып, бүйректен сирақ шығарып алмауымыз үшін алдын-ала кейіпкердің өзіне де ептеп баяндалып, едәуір құлақтандырылған.

Құрылымы.
Көпентануға кіріспеден, «Көпеннің өмірі», «Көпеннің көңілі», «Көпеннің нөмірі», «Көпеннің юморы» деген төрт тараудан және қорытындыдан тұрады. Жұмыстың тарауларының ым-жымы бір, тонның ішкі бауындай, матаса да, қабыса да байланысқан.

Бірінші тарау – Көпеннің өмірі

Күйін күйттеп ұлтының,
Көрмеді ғой бір тыным.
Көсемсөздің көсемі,
Корифейі күлкінің!
(Журналистік фольклордан)

Көпен ағаны қай кезден бастап білем өзі? Қиыр Шығыстан сықақ өлең жазып тұрғаны өз алдына, бертінде ол кісі туралы миымызға біраз мәлімет жинақтала бастады. Мәселен, мектеп бітірген жылы Нұржан деген кластасым Алматыға барып, оқуға түсе алмай келді. Оқуға түсе алмағанымен, көңілге көп нәрсені түйіп қайтыпты. Кәдімгі Көпен Әмірбекті көріпті. Көрген себебі, ол бізге мектепте әдебиеттен сабақ беретін Шамхан жездесінің жақын таныстарының бірі екен. Дәлірек айтқанда, Нұржан – менің кластасым, Шамхан – оның жездесі, Шамхан – Құлбек Ергөбектің курстасы, Құлбек – Көпеннің інісі. Сонда не болды? Кейіпкерімнің кертолғауындағыдай, «Әбдірахманнан – Айтан, Айтаннан – Байтан, Байтаннан – Байпаң, Байпаңнан – Майтан, Майтаннан – Тайтаң, Тайтаңнан – Жайтаң, Жайтаңнан – Жайпаң» деген секілді жайдақталып кеткен жоқ па?! Болса бола берсін… Бәрібір Қиыр Шығыстан қыңыр сөзін жолдап жүрген ағамыз сонда сенің алыстан қосылатын танысың болып шықпай ма? Енді одан артық не керек?!
Сол Нұржанның астанадан алып келген ең құнды мәліметі мынау еді. Көпен ағам Алматының көшесінде құйғытып көлік айдап жүр дейді. Ол кезде қаламгердің темір тұлпарды тізгіндеуі таңсықтау нәрсе. Демек, жалпақ ел жаяу жүргенде, машина мінсе, мықтының біреуі болғаны. Аспандағы ұшақ пен астындағы қайықтан басқа көлігі жоқ Қаратереңде өскен бала Көпен ағаның машинасының маркасын тап басып айта алмайды. Сірә, біздің топшылауымызша, сатираның сардары Садықбек Адамбековтің өзі мініп-түскен кезде сынап-мінеп кететін атышулы «Ниваның» өзі болуы әбден мүмкін.
Өзіміз студент атанған шақта оның абыройы аспандап тұрды. Шымшыма шумақтарын екінің бірі жатқа айтады. Өлеңдері өткір, өзі тапқыр. Тиген жерін тіліп түседі. Анда-санда түрлі жиындардан көріп қаламыз. Жалпы, Ақбас Алатаудың етегіндегі ару қалаға табаны ілінген бозбала қаламгерлерді алғаш көргенде сан қилы күй кешеді. Жазған-сызғандарына қарап, кездесе қалсам, етене араласып, емін-еркін әңгімелесіп кететін шығармын деп ойлаған адамың түксиген әрі тоңмойын біреу болып шығады. Керісінше, қаққан қазықтай бой-сойы мен түр-әлпеті ұнамай, іргеңді аулақ салғың кеп жүрген жазушың қусаң да кетпейтін ақкөңіл ақылшыңа айналады. Кейбір кісілерді көргенде «Шіркін-ай, кездеспей-ақ, шығармаларын оқып жүре бергенім жақсы еді», – деп ептеп өкінесің.
Ал Көпен ағаны көргенімізде мұндай сезімнің ешқайсысы да бойымызда болған жоқ. Ол оғаш әсер қалдырмады. Ойлы әрі орнықты екенін байқатты. Ұлағатты әрі ұстамды екенін аңғартты. Сатирик екенмін деп, отырған жерін үнемі күлкімен көмкеріп кетуді мақсат етпейтін сияқты. Өзінің позасын, күлкінің дозасын жақсы білетін адам секілді көрінді. Сырын алдырмайды. Жәркелештеніп көп күле бермейді. Бірақ Аркадий Райкин елді қыран жапқандай қылып, мол күлкіге кенелтіп жатқанда қабағын ашпай, томсырайып отыра беретін Әзиз Несиндей тым томаға-тұйық емес, әрине. Анда-санда қалжың айтып, елді дүр еткізеді. Онда да түйеден түскендей қойып қалмайды. Әр нәрсені жөнімен айтады. Әдеп пен әдебиеттің екі арасынан, мақсат пен мәдениеттің шегарасынан аспайды. Осы уақытқа дейін Көпеннің күлкісі түрпідей тиіп, залал мен зардап шеккен адамды көрмеппіз. Сондықтан Көпен көкем бізге баяғыда-ақ ұнады.
Көп-ағамен жақындата түскен тағы бір себеп мынау. Мен ол кісінің туған інісі Базарбекпен қатар оқыдым. Кәдімгі Балапан Базар. Жігіт ағасы болған шағында да ел қойған есімінен бас тартпаған атақты ақын Бала Ораз секілді алпысқа толған Базарбек досым да студент кезінде иеленген Балапан атынан безіне қойған жоқ. Әйтпесе, құжатқа қатталған нағыз ныспысы – Базарбек Түкібай. Жалпы, бұлар тұқымымен түрпі тілдестер. Түрпі тілдес болса да, түркі тілдес секілді тату. Сол Балапан Базарың усойқының өзі. Шабыты тасығанда сеңдей сөгіледі, тотияйындай төгіледі. Жатақхананың жұқалтаң тұрғыны атанған ботатірсек бозбала кезімізде ол «Жақсы көру белгісі» деген өлең жазды.

Әкесін баласы,
Жақсы көреді шамасы.
Кеше әкелген су жаңа
Гарнитурды ойыпты.
Бүйіріне «Папа» деп,
Жазу жазып қойыпты…

Қаршадайымыздан қатар өскен соң қалжыңмен қағыса береміз. Сонау студенттік жылдарымызда Алматы мен Мәскеудің арасына №7 «Қазақстан» жүрдек пойызы қатынайтын. Баяғыда Байбота ағам «Жетінші пойыз бір жарым сағат кешігеді деп есіттім», – деп жырлайтын кәдімгі көкшулан көлік. Бұрын Шу, Луговой, Арыс, Түркістан, Жаңақорған, Шиелі секілді жол бойындағы аудан орталықтарына ғана тоқтап жүрген сол пойыз бір күні Базекеңдердің ауылына жақын Темір станциясына пысылдап келіп маңдай тіресін. Тіпті бұл бекет жол кестесіне де еніп кетіпті. «Мәссаған, мына Базарбек бастаған шымкенттіктер әйтеуір «өйтіп-бүйтіп» асау пойызды Темірге тоқтататын қылды-ау», – дедім жұрттың көзінше оны тұқыртып алғым кеп. Базекем былқ етпеді. «Осындай әңгімені үнемі айта берсең, бұдан да көбірек «өйтіп-бүйтіңкіреп», сенің Аралыңа аялдамайтын қыламыз», – деді жұлып алғандай. Ал, керек болса… Нем бар еді ұрынып… Сөйтіп, ол өршеленіп ұмтылған өзімді ат үстінен оп-оңай аударып тастады. «Ойбай, тоқтай берсін, тіпті анау Ешкіқораларыңа дейін емін-еркін бұрып апарыңдар», – деп әзер құтылдым. Айттым ғой, мықты деймін бұлар шетінен. Сол Балапан Базарды сары уыз сатирик кезінен баптаған кім? Көпен. Сын-сықағының уытты болуына ықпал еткен кім? Көкем.
Сондықтан, өзіміз көріп-білгелі ағайын-туысқа, дос-жаранға, тамыр-танысқа бірдей қадірлі Көпен көкемнің өмірі күлкімен өрілген өмір деп топшылауға толық негіз бар.

Екінші тарау – Көпеннің көңілі

Әспеттейді әріден,
Әр сөзі артық дәріден.
Әзілдесе береді,
Әйдіктердің бәрімен!
(Журналистік фольклордан)

Көпенді көрмей тұрғанда жаттаған өлеңдеріміздің бірі – «Май шам». Себебі, электр жарығы түнгі сағат он екіде жыпылықтап тұрып жалп ете қалатын ауылда туып-өскен мен үшін май шамның орны бөлек. Май шамның жарығымен сығырайып отырып, ауыл кітапханасының бар байлығын адақтап шықтық. Май шам көзді алды, біз сөзді алдық. Бала кезімізде білтенің түбіне сіңген керосиннің иісіне елтіп, манаурап жатып, осы өлеңді қайта-қайта оқитын едік:

– Ұстамды…
Кім көз ілмей атырады үш таңды?
– Май шам!
– Ыңғайлы…
Құр шытынап, кім бекерге сынбайды?
– Май шам!
– Тиімді…
Кім бар ылғи жарық қылар үйіңді ?
– Май шам!

Сосын, «Е, біздің май шам байғұсқа да жыр арнайтын адам бар екен ғой», – деп сүйсінгеніміз рас-ты. Менің бір ағама Көпен көкем: «Мен сені неге жақсы көретінімді білесің бе? Біздің Базарбекті жақсы көретінің үшін жақсы көрем», – депті. Сол секілді біз де әдепкіде Көпен көкемді талай ұйқысыз түнімізге серік болған май шамды тіліне ілік еткені үшін жақсы көрдік. Жақсы көргенің не, жүдә құрсан болдық.
Сөйтсек, алты рет айтып, жеті рет жаттаған өлеңіміз тіпті де май шам туралы емес екен. Май шам әншейін ойды жеткізудің құралы көрінеді. Өз басым титімдей кезімде «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген мәтелдің жел туралы да, шөп туралы да емес екенін алғаш естігенде біртүрлі болғам. Бұл жолы едәуір есейіп қалғандықтан, онша таңғала қойғаным жоқ. Ол сөздің түйінін соңына сақтапты. «Май шамды əлдекімдер демеп бірде, Бастық етіп жіберді электрге!». Тек әдепкі нұсқасында «Деп май шамды біреулер демеп бірде» деп басталатын сияқты еді… Бармақ басты, көз қыстының мысалы… Білімсіздің білімдіні билеуі. Сатираның сүргісі мен сүзгісінен асқан шеберлікпен мінсіз өткізгені болмаса, арғы ой-тұжырым жеке-дара Көпендікі емес. Әріден келе жатқан дәстүр. Баяғы жыраулардан тамыр тартатын, зар заман ақындары «Қой зор болып түйеден, Құлын зор боп биеден» немесе «Тұлпарлардан есек озды, Ақылманнан есер озды», – деп иін қандырып илеген идея. Көп-ағам соны көңілді күлкімен көмкеріп, көріктендіріп жіберді. Бұл енді керемет өлең. Керемет болса қайтейін, мен электрге бастық болып бара жатқан, бір-екі жылдан соң бәрібір орнынан түсіп қалатын босбелбеу басшының кейпіне енген, талай жыл өзіме серік болған май шамымды тұңғыш рет кәдімгідей аядым. Алайда көп ұзамай бұл дегенің тапқырлықтың төресі екенін мойындауға тура келді. Содан соң Көпен ағаның көңілі мен көкейіндегі ой оралымдарын ептеп зерттей бастадым.
Көпен көңілінің тазалығы жоғарыда айтылған Базарбекке деген ыстық ықыласынан да байқалады. Бауырын жақсы көретін адам бәрін де жақсы көреді. Бұл әулеттен Көпен ағаға еліктеген қаламгерлердің қаптап шығуы тегін емес. Журналист те, түрколог та, әдебиеттанушы да, сатирик те жетіп артылады. Тіпті осы мамандықтардың ешқайсына мүлде қатысы жоқ Төпен Әмірбекұлының қабілет-қарымы кез-келген сықақшыдан кем түспейтінін, әр сөзі мақал-мәтелге айналып сала беретінін ел-жұрт аңыз етіп айтады. Егер ол сын-сықақтың соқпағына түскенде Көпен ағамды қоя тұрып, «Төпен келе жатыр…» деп отырар ма едік, кім білсін?!
Көпеннің көңілінде дық жоқтығының нағыз дәлелі – Жарасқан Әбдірәшевтің елу жасқа толуына арналған тойында оқыған «Сый…ырқұймышақ» деген өлеңі. Барды бар деп бағалар болсақ, шынында да енді ғаламат дүние. Сатириктің шеберлігінде шек жоқ екенін танытатын шығарма. Ең алдымен, бұл – теңдессіз тапқырлықтың үлгісі. Екіншіден, кейіпкерінің көңіл-күйін, болмыс-бітімін жете зерделеудің көрінісі. Үшіншіден, ойды ойната білудің мысалы. Төртіншіден, көрермен сұранысын мейлінше тап басудың белгісі. Бесіншіден, аудитория ахуалын ескерудің нәтижесі. Сахналық өлең сонымен қатар қазақы қалжыңның, зілсіз әзілдің міндетін атқарып тұр. Бір өлең бүкіл ұлт мінезін әйгілейді. «Ананы әперем, мынаны әперем» деп еркелетіп, емексітіп, еміндіріп отырып, ең соңында сыйлайтын сыйлығы – автоқалам! Сыйлық емес, символ! Қаламгерге қаламнан артық не керек? Алты қанат үйің де, төрт дөңгелекті көлігің де қаламның қасында түкке тұрмайды. Идея ғаламат!

Жарасқан-ау, саған ненi қимайын?
Үй сыйлар ем, өз басыңда үй дайын.
Жарты əлемге жария сап одан да,
Арғымақтай ақ «Волганы» сыйлайын.

«Волга» бiрақ бензинiңе тоймайды.
Бензин бiтсе, саласың ғой ойбайды.
Мен одан да бiр «Жигули» сыйлайын,
Сай-салада сайтан қуып ойнайды.

Әр сыйлық аталған сайын зал ду ете қалады. Сыйлық ұсынушы мұнымен шектелмейді, төмен қарай тағы да сырғиды. Сәлден соң «Жигулиден» «Москвичке» ауысады («Жигулиiң» бас бiлмеген асаудай, Соғысарсың тормозын да баса алмай. Мен одан да бiр «Москвич» сыйлайын, «Москвичтi» тоқтатып ед қашан ГАИ?»). «Москвичтен» «Запорожецке», «Запорожецтен» велосипедке, велосипедтен конькийге түседі. Ақыры алып келген сыйлығын жариялайды («Автомобиль тез тозады, тозбайтын, Авторучка əкеп тұрмын осында!»).
Жалпыдан жалқыға, жалқыдан жалпыға, үлкеннен кішіге, кішіден үлкенге ауысу арқылы қанағатшылдық идеясын ұсынған әлемдік әдебиеттің үлгілерін Көпен көкем шығармаларында осылайша шебер қиюластыра алды. Барлық дүниелерінде оның көңіл-күйі көрініп тұрады. Көңілінің кіршіксіздігі де аңғарылмай қалмайды.

Үшінші тарау – Көпеннің нөмірі

«Пәлі!» дейсің сөзіне,
«Пай-пай!» дейсің көзіне.
Пародия жазады,
Патшалардың өзіне!
(Журналистік фольклордан)

Әйгілі қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Мен нөмірі бірінші Бауыржанмын!», – деген сөзін өз құлағымен естігендердің біріміз. Бірінші курста оқып жүргенімізде кураторымыз Мамытбек Қалдыбайдың үйінде кездескенімізде батыр ағамыз тура осылай деп нығыздап тұрып, Бауыржан Үсенов досым екеумізге «Сендердің нөмірлерің нешінші?», – деп сауал қойған. «Өмірді жаңа бастап жатқандықтан, нөмірлерің «энінші» болады, өмірдегі нөмірлеріңді өздерің тауып алыңдар», – деген-ді содан соң.
Даңқты қаһарман айтқандай, Көпен ағамның, әріден қозғасақ, қазақ ішіндегі, беріден тартсақ, сатириктер арасындағы нөмірін білгім кеп отырғаны. Өйткені, ол – өмірдегі орны бөлек тұлға. Елдің ықыласына бөленген адам. Үлкеннің де, кішінің де қадірлісі. Жалпы, сатириктер сан түрлі болады. Кейбірінің сын-сықағына жан баласы күлмейді. Күлмек түгілі езу тартпайды. Бірақ олар да сын-сықақтың алаңында өгіз аяңмен жүре береді. Жүгі ауыр жанрдың салмағын сезінбейді. Ал Көпеннің өзі де, көзі де, сөзі де күлдіреді. Әр сөзі ғана емес, әр әрпі езу тартқызады («И» және «Р»). Жалғауы мен жұрнағы да жымитады («Ист…»). Септеулері де сүйсінтеді («Ептеу мен септеу»). Сондықтан оның өмірдегі нөмірін анықтау аса маңызды мәселе.
Көпенді Көпен етіп тұрған қасиеттің бірі – оның батылдығы. Батылдық демекші, сол батылдығының арқасында батыр Бауыржаннан… сұхбат ала жаздаған. Баукең сұхбат бермей, құр қол жіберсе де, терезесін тең ұстап, тектілігін көрсетіп қайтады. Шынында да ол ылғи ірілермен әзілдесті. Алыптармен қалжыңдасты. Солардың арасында менмендігі мың жылқыға жүк болатын тәкаппар тұлғалар да жеткілікті. Біреуі болмаса біреуі ерін бауырына алып тулап, шамданып қалуы да мүмкін еді. Бәрібір батылдығынан танбады. Сақалы барларды да, тоқалы барларды да аямады. Ақшасы барды да, бақшасы барды да сілейте соқты. Кейіпкерлері ептеп кіжініп, тісін шықырлатқан болды, әрине. Бірақ найзасын кезеп, қылышын қайрап келгендері жоқтың қасы. Өйткені, ол өткір қалжыңын мәдениет мәйегінің бесігіне бөлеп ұсынды. Артық-ауыс, қыңыр-қисық теріс тұжырымға жол бермеді.
Азулыларға ауыз салу оңай емес. Әр сөзің апатқа ұшыратады. Келістіре алмасаң, кетістім дей бер. Мәселен, кірпияз Камал Смайылов пен шытынаған Шерхан Мұртазаны сөз сойылымен қатар соғып көрші… Көпен ағам өйтіп-бүйтіп оның да ретін келтірді.

«Елім, саған айтам ,
Елбасы, сен тыңда!»
Камал дос!
Сен де құлақ түр.
Себебі, сен – соқа, мен – трактор.

Өмір бойы «редактор» деген сөзге құлағы үйренген адамға «трактор» дегенді есту оңай ғой дейсің бе, Шерағаңның шамданатыны анық. Бірақ мәселе, оны бір шамданып алған соң қыртыс-тыртысы тез жазылатындай етіп кейіптеуде. Кейіпкер өзі туралы эпиграмманы қайта-қайта оқиды. Шамданатын жерлері мен шаттанатын тұстарын салыстырады. Соған орай он ойланып, тоғыз толғанып барып, түйін түйеді. Негізінен дұрыс жазылған екен деген қорытындыға келеді.
«Шерхан Тынысты біледі, Тыныс жұмысты біледі» деген екі жолы қанатты сөзге айналып кеткен әйгілі пародиясы ше?! Алпыс астары, қырық қатпары бар мұндай әзілді арыстан тектес ағасы, мұрты тікірейген Мұртазаның құлағына жеткізу үшін жолбарыстың жүрегі керек. Біреу-міреу басқаша бұрмалауы да кәдік. Абырой болғанда, кейіпкері сөздің алдында бас иді. «Иншалла, я говорю по-казахски», – деп бастап, тілдік орта тазарса да, әлі күнге дейін қазақшасының өңі кірмей қойған Олжас Сүлейменовті пародиялады. Олжас та – заманымыздың тұғырлы тұлғасы, ақыл-ой алыбының бірі. Одан да жасып-жасқанған жоқ. Ол ағасы да сынадың екен деп Көпағаңды кеудесінен итермеді. Содан соң «Айтайын ба, айтайын, Айтайын да қырғызыма қайтайын», – деп Мұхтар Шахановты шымшылады. Қазақ жұртында өлеңдеріне ең көп пародия жазылған ақын осы Мұхаң шығар. Ол да Көпеннің түрпідей тілінен тітіркеніп, кірпідей бір жиырылып алды да, артынша жаз күніндей жадырап сала берді. Қысқасы, Көпен әйдіктердің бәрімен әзілдесті. Айбарлы Асқар Тоқпановты, айбатты Заманбек Нұрқаділовті, аттаншыл Амантай қажыны, мінезді ақын Фариза Оңғарсынованы, салмақты саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевты пародиялық шығармаларының кейіпкеріне айналдырды. Бәрі де – пародия жанры үшін, әсіресе қазақ пародиясы үшін аса күрделі кісілер. Бірақ сықақшы өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай, кейіпкерлерін күйіндірмей һәм сүйіндірмей, таразы басын тең ұстап отырып, өз мақсатын орындап шықты. Ешқайсысымен есеп айырыспады, көкпар тартыспады, жаға жыртыспады. Ол сөйтіп, о баста пародияға қырын қарайтын қазақ шенеуніктері мен ұлт зиялыларын сын садағынан сескенбеуге, керісінше, күлкінің құдіретін сезінуге үйретті.
Сатириктер ішіндегі этнограф, этнографтар ішіндегі сатирик Сейіт Кенжеахметовтің айтуына қарағанда, қазақ тарихында біздің кейіпкерімізден де бұрын бірді-екілі өнерпаз Көпендер болған сияқты. Бәрібір әр әзілі күллі қазақтың жүрегінде жатталған бұл Көпеннің жөні бөлек. Ол – жаппай оқылатын жанрда шығарма жазуды мүлтіксіз меңгерген адам. Көпеннің әр жерде айта салған, сөйтіп тілдік қорымызды байыта салған қанатты сөздерінен көз сүрінеді. Талғамы терең, толғамы ерен… Оспанханды пір тұтады («Арғы атасы Оспанхан, Оспанханнан – Әбдірахман»), Мұхтарды («А-ха-ау, керім, Мұхтар Шерім») дүр тұтады. Алдыңғысы – сенімді, кейінгісі – өнімді…
Сонымен, Көпеннің нөмірі… Біздіңше, ол қазақ сатириктерінің алғашқы үштігінің ішінде. Бәлкім, үшінші, бәлкім, бірінші… Қайда-а-н білейік?!

Төртінші тарау – Көпеннің юморы

Күлтөбенің тектісі,
Күлдіруге ептісі.
Көпен келе жатқанда,
Күтіп тұрар көп кісі!
(Журналистік фольклордан)

Өмір бар жерде юмор бар. Юморы біткен адамның өмірі де бітеді. Сондықтан қазақ қоғамындағы юмордың ғұмыры ұзақ болуының маңызы зор. Адам баласы о бастан юморы қою қонысқа құмар келеді. Ұлт сатирасының ішек қырындысын ақтарып, ғылыми еңбек қорғаған ардақты Алпысбай ағам (Мұсаев) «Ақтөбеде юмор азайғасын талай жыл мекен еткен Оралыма қайта көшіп барам», – деп жар салып еді. Кәдімгі Мұрат Мөңкеұлының «Қараның ұлы Сидақтың, Қайғыланып көшкен жер», – деп жырлағаны сияқты… Демек, юмор өмірдің мәні де, сәні де болып тұр ғой. Әйтпесе, ауылдан біздің неге көшеді… алпамсадай Алпысбай ағам?!
Біз мұны неге айтып отырмыз? Өйткені, кейіпкеріміз Көпен Әмірбек – күнделікті тіршілікте және өз шығармаларында юмордың түр-түрін қолданудың майталман маманы. «Қалжың сөздің қасқыры, Жоқ ешкімге қастығы», – дегендей, табан астында тауып айтатын тапқыр тіркестері арқылы аты аңызға айналған жан. Бірде мешіттің екі қызметкеріне ілесіп, сапарлап келген еркін ойлы, сойқан жүрісті бір жігітке «Екі наиб, бір кәйіп», – деп лезде сипаттама берді. Сипаттамасын сипалақтатпай, бірден суырып салды. Тағы бірде «Қазмұнайгаз» компаниясында жұмыс істеп, нәпақасын молынан тауып жүрген қаламгер інісі Шархан Қазығұлға «Жұрт «құдайға шүкір» десе, сен «мұнайға шүкір» дейтін шығарсың», – деп әзіл айтты. Ал қиыннан қиыстырған мына сөзі тіпті ғаламат! Шымкентте шығатын «Оңтүстік Қазақстан» газеті бас редакторының орны босаған кезде әркім әртүрлі болжам айтады. Ежелгі үрдіс бойынша, бірі «ДТ» (дулат) болады екен десе, екіншісі «ҚТ» (қоңырат) болады деп даурығады. Бірақ екі жаққа да қатысы жоқ, тегі де, тұрпаты да бөлек, сонау Жаңарқаны мекендеген майдақоңырдың марғасқасы Бақтияр Тайжан тағайындалыпты. Сонда Көпен ағам: «ДТ» да емес, «ҚТ» да емес, «БТ» болды ғой!», – депті.
Қазір Көпен Әмірбек атақ-абыройдан кенде емес. Президенттің бұқаралық ақпарат саласындағы сыйлығын иеленді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды. «Парасат» орденімен марапатталды. Ердің жасы елуге жеткенге дейін Көпағаңда мұның бірде-біреуі болмапты. Жалпы, сол атақ атаулыға онша қызықпады. Қызыққан күннің өзінде оған бере қояйын тұрған ешкім жоқ-ты. Мадақ пен марапаттың бәрі кейін келді. Танымал тіркесті түрлендірсек, «награда иесін де, киесін де тапты». Баяғыда атақта шатағы жоқ кезде визиткасына «Көпен Әмірбек атындағы сыйлықтың лауреаты Көпен Әмірбек» деп жазып қоятын. Осылайша өзін елеңкіремеген қоғамға ептеп қана қарсылығын білдіріңкіреді. Біле білсек, бұл да юмор.
Юмор қолдану барысындағы тапқырлығында шек жоқ. Оған бәрі оңай. Сөз де табыла кетеді. Қалжың да қона қалады. Ұйқас та үйіріліп тұрады. Қарапайым нәрседен сыр сабақтап, түйін түйе салады. Мәселен, Оспанхан Әубәкіров бір кезде «О, махаббат, осынша оңай ма едің?», – деп күйзеліпті. Арада он алты жыл өткенде Әбдірахман Асылбеков «Осыншалық оңай ма еді махаббат!», – деп одан бетер аһ ұрыпты. Соны Көпен Әмірбек лездің арасында пародияға айналдыра салды:

Оспанхан + Әбдірахман = Оспанхан,
Әбдірахман + Оспанхан = Оспанхан.

Формасын ойластырды. Кілтін тапты. Екі ағасын да өкпелетіп алмай, зілсіз әзілмен тіл қатты. Бар-жоғы екі жол тіркес мыңдаған оқырманның жүрегінде жатталды да қалды.
Махаббат жыршысы, ғажайып лирик ақын Тұманбай Молдағалиевке жазған «Қозы қарын, кәдімгі қозы қарын, Білеміз ғой, білеміз созыларын. Дарын барда, Тұм-аға, дарын барда, Біраз сөз шығын бопты-ау «қарындарға!», – деген пародиясы есіңізде ме? Бұл шумақ та сансыз ұрпақтың санасына мөрдей басылды. Мұны өткен ғасырдың сексенінші жылдарында КазГУ-дің қалашығын бес жыл паналаған бозбалалар мен бойжеткендер әлі күнге дейін жатқа айтады.
Осыған орай тағы бір мысал ойға оралып отырғаны. Біздің студент кезімізде әдебиет теориясынан дәріс берген Қадыр Мырзалиевтің шығармашылығында сол тұста күрт өзгерістер болды. Бұрын ой-тұжырымдарын тек қана шағын өлеңмен өріп келген ол «Қызыл кітап» деген поэма жазды. Ол ол ма, бір күні жұртшылыққа сықақ өлеңдерін ұсынды. Өмірі әуестеніп көрмеген дүниесі. Көпен ағамыз ол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінің әзіл-оспақ бетін әзірлейді. Әр жолы бір қаламгердің туындылары таныстырылады. Беттің төбе жағындағы бес-алты сөйлемнен тұратын шағын аннотацияның өзін Көпен ағам қатырып жазады. Кейде сатира сардарының азғантай аннотациясы әлсіздеу шығарманы әрлеп-әспеттеп, әдемілеп-әсемдеп жібереді. Енді бұл кісі Қадыр ағаны қайтер екен деп, «Қазақ әдебиетінің» кезекті санын күттік. Ұстазымыз бізге алдын-ала ескертіп қойған-ды. Ертеңіне басылымды көрдік те таңғалдық. Көпен Әмірбектің сірә да тапқырлығы таусылған ба, Қадыр ағамды есік пен төрдей машинаның кабинасына қонжитыпты. «Атақты ақынның алға жүйткігені – поэзия, оңға бұрылғаны – сын, солға бұрылғаны – балалар әдебиеті. Бұл жолы сатираның ауылын бетке алып, кері қарай жүргелі тұр. Осторожно, Қадекең «задний ходпен» келе жатыр», – деп елді «шошытты». Рахаттанып тұрып күлдік. «Қазақ әдебиеті» үтір-нүктесіне дейін оқылатын заман… Көпен ағаның юмор қолданысында кідіріс жоқ екеніне тағы да көз жеткіздік.
«Шөптің атын меншіктеп, Көптің атын шығарған» көкеміздің түр-сипаты да ерекше. Өмірдің құбылысы мен юмордың құрылысы сатириктің кескін-келбетін өзгеше қалыптастырған. Оның өн-бойынан сарабдал сықақшының ойлы образы көрініп тұрады.
Көпен Әмірбектің бір-де бір шығармасын басқа тілге аудара алмайсың. Оның айрықша сипаты бар юморының мән-маңызын ешкім де дәл таныта қоймайды. Ол – теңдесі жоқ талант. Ұлт сатирасының ұстасы. Жалғыз жортқан жүйрік. Көпенше көсілу өзгенің қолынан келмейді. Сондықтан, Шәуілдірге ексең де, Отырарға сепсең де, Қызылқұмға төксең де, екі Көпен тумайды…
Тарауды түйіндесек, Көпеннің юморы – көптің өмірінің көркемдікпен өрілген көрінісі. Ұлы Мұхаңша айтқанда, біз бұл юморға дән ризамыз!

Көпентануды қорыту

Сырт сипаты іреңді,
Сықақшы ғой түрі енді…
Сүйкей салған әр сөзі,
Сатираның бренді!
(Журналистік фольклордан)

Бүгінде қазақ күлкісінің королі Көпен Әмірбекті өз деңгейінде бағалап жүрміз бе? Жалпы, ол өзінің қабілет-қарымын толық таныта алды ма? Бұл –Көпенге қоғам назар аудармай жатыр деген сөз емес. Ол – заманымыздың бірқатар игілігін көрген қаламгердің бірі. Бірақ сын-сықақ әлеміндегі сирек кездесетін құбылыс екенін өзі де, біз де ескермей жүргеніміз рас қой. Әр сөзіне тапқырлықтың тұқымын сеуіп, әр сөйлемін зерлеп ұсынатын шын шебердің қадіріне әлі жете қоймаған сияқтымыз.
Тегінде, сиқырлы сөзімен, құмбыл қимылымен, жұмбақ жымиысымен жұрт жүрегін жаулап, дүниені дүрілдеткен Евгений Петросян секілді жұртшылықтың сүйіктісі һәм жалпыхалықтық тұлғасы болуға Көпен ағамның толық мүмкіндігі бар еді. Өзі де Петросян тәрізді зиялы әрі зиятты, топ-томпақ әрі тартымды. Осыған жол ашылса, салиқалы сатира мен парасатты пародияны шырқау биікке шығарар еді. Әйтеуір көпке танымал Көпен атанса да, қазақ топырағындағы Петросян болудың сәті түспеді. Бәлкім, кейде шектеп, кейде шеттеп күлетін ел-жұрты қолдай қоймаған болар. Бәлкім, сахнада жанында езу тартып еліріп тұратын Еленасы болмаған шығар. Әлде, жігерін жанып, шабытын шақырып беретін, қажет деп тапса, «найзағайға нан пісіріп алатын» еті тірі продюсер бұйырмады ма екен оған?
Әйтеуір бір кем дүние…
Ол ылғи тыңнан жол тапты. Ешкімнің соқпағына түскен жоқ. Қалам ұстаған қазақтың бәрі күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей алғашқы жинағына ат іздесе, бұл ағамыз аты жоқ кітап жазып шықты. Сол дүниесі аты қойылмағанына байланысты бір жылға кешігіп жарық көрді. Осыған орай қайырмасы «Аты жоқ көкек» деп қайталанып отыратын баршаға белгілі әдемі әннің ізімен мынадай әзіл айттық:

Қазақта бір ақын бар Көпен деген,
Қаламын ақ қағаздан көтермеген.
Аты жоқ, заты мықты кітап жазу,
Көпеннің парызы еді өтелмеген.
Ей, аты жоқ кітап…

Өз басым, Жарасқан мен Көпеннің эпиграммаларын үлгі еттім. Осы екі ағамның жазу тәсілі менің ыңғайыма келеді. Сол жанрға әдепкі түрен салған тұста қаламымды Көпен ағам қайрап берген. Мұны да әжептәуір ырым көреміз. Айтпақшы, ол – сатириктігіне қоса, жүйрік журналист, парасатты публицист. Бұл енді өз алдына бөлек тақырып.
Ендеше, теңдесі жоқ талантты топшысы қатты кезінде қадірлеген жөн. Ұлт кәсіпкерлері бірігіп, Көпен ағамның кең тынысын ашатын театр құрып берсе деп қиялдаймыз… Қазаққа Әкем театр да, Көпен театр да керек. Бұл үрдіс қайталанбайды енді. «Көпен келе жатыр!», – деп жұрт болып жолына қарай бергенше, оны төрге шығаратын уақыт әлдеқашан жетті. Мұндай төрт құбыласы келіскен күлкі үнемі бола бермейді. Сейіт ағамыз қалжыңдап айтқандай, келешекте Отырардың желке тұсынан Көпенгаген дейтін қала салынуы да мүмкін. Бірақ біз оған бүгін құрмет көрсетуіміз керек.
Ертеректе «Ел білетін ұл шықты, Ешкіқора маңынан!», – деп әндетсек, енді бүгін «Кең көсілген қадамы, Көпен – көптің адамы», – деп термелетеміз. Кілең «К»-ден келетін өлеңді әрі қарай жалғасақ, былай болып шығады:

Көпке сене бермейміз,
Көк аттыға ермейміз.
Көпен келсе, ерлейміз,
Көпен күлсе, терлейміз!

Осы айтылғандары түйіндей келе, Көпен Әмірбекті Күлкістанның королі деп тануға толық негіз бар. Қансонарда күлкі аулай беріңіз, аға! Көпен көрген ұлы той ешқашан тарқамасын!