ТӨРТ ТҮПТЕН БАСТАЛҒАН БАСТАМА АЛЫП ДЕНДРОБАҚҚА АЙНАЛДЫ

227

Шымкент дендросаябағы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың есімімен аталатынын біреу білсе енді бірі біле бермесе керек. Дара тұлғаның есімі бұл саябаққа тектен текке берілген жоқ. Өйткені дендросаябақтың құрылу тарихы Асанбай Асқаровтың атымен тығыз байланысты. Әу баста қоқыс үйіндісі болған аумақты абаттандыру мақсатында қолға алынған орын бүгінде еліміздегі жалғыз дендрологиялық баққа айналып үлгерді.

Шымкент дендросаябағының тарихы 1979 жылы 24 наурызда Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Асқаровтың, облыстық Кеңес атқару комитетінің төрағасы Ж.Шәймерденовтың, облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы В.Ф.Троянның және облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы А.Ахметовтің 4 түп ағаш отырғызуымен басталады. Сол тарихи күні қалалық үйінді аумағында Асанбай Асқаровтың төрағалығымен партия-шаруашылық активі өтіп, онда қала тұрғындары мен өнеркәсіп кәсіпорындары жұмысшыларының демалыс аймағын құру туралы шешім қабылданды. Фабрика мен зауыттардың басшыларына 40 мың түп ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылды.

– Қазір сол 1979 жылы партияның облыстық комитетінің бюросы өткен жерде бұқаның мүсіні тұр. Не үшін бұқа деген мәселеге келсек, бұл жануар қайсарлық пен мақсаттылықтың белгісін білдіреді. Былайша айтқанда, қайсарлық, мақсатқа жетуге талпынушылық болмаса бүгінгі дендросаябақ та болмас еді. Асанбай Асқаровтың қайсарлығы бірегей демалыс аймағының пайда болуына себеп болды — дейді «А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» МКҚК-ның ғылыми қызметкері Бибіжамал Мәлік. – Дендросаябақ құрылғаннан кейінгі 5-6 жылдың көлемінде мұнда отырғызылған ағаштардың саны 500 мыңға жетті. Оның 1360-ы Қазақстанға тән емес экзотикалық ағаштар болды. Осылайша, Шымкент дендросаябағы 5-6 жылдың ішінде бүкіл Кеңес Одағындағы ең үлкен дендросаябақтардың бірі болып танылды.

Иә, оған дәлел ретінде дендросаябақтағы құрметті қонақтар аллеясын айтуға болады. Қазір мұнда А.Асқаровтың өзі отырғызған шынар ағашы жайқалып өсіп тұр. 300 жылға дейін өмір сүретін шынардың қазір мұнда 100-ге жуық түрі кездеседі. Сол сияқты, аллеяға кеп ағаш отырғызғандар қатарынан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д. Қонаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев, Түркия Премьер-Министрі Сүлеймен Демирель, Беларусь Президенті А.Лукашенко, Сингапур Премьер-Министрі Ли Куан Ю, Өзбекстанның Тұңғыш Президенті И.Каримов, Қырғыз Республикасының Тұңғыш Президенті А.Ақаев, Түркия Президенті Тұрғыт Озал, Финляндия Президенті Мауно Койвисто және әлемге әйгілі және біздің елімізде кеңінен танымал көптеген танымал тұлғалар бар.

–Дендросаябақ алғаш рет демалыс орны ретінде ұйымдастырылды. Бұрынғы қоқыс орнын көріктендіру арқылы демалыс аймағына айналдыру басты мақсат еді. Географиялық принцип ағаш отырғызудың және экспозицияны орналастырудың, сондай-ақ ассортиментті таңдаудың ғылыми-әдістемелік негізі болды. Дендросаябақ аумағы
5 аймаққа бөлінген – Орталық Азия-Қазақстан аймағы; Еуропа-Қырым-Кавказ аймағы; Сібір-Қиыр Шығыс аймағы; Шығыс Азия аймағы; Солтүстік Америка аймағы. Әртүрлі деректерде 1979-1990 жылдар аралығында дендросаябаққа 1050-1200 түр, 105 мыңнан астам отырғызу бірлігі енгізілгенін атап өтеді. Дендропаркті құру кезінде тұқымдар мен көшеттер бұрынғы Кеңес Одағының әртүрлі аймақтарынан – Мәскеуден, Ленинградтан, Липецктен, Киевтен, Ташкенттен, Бішкектен, Сухумиден, Душанбеден бұта өсімдіктері алынған. Кейіннен бұл дендропарктің құқықтық мәртебесін белгілеуде көрініс тапты, — дейді Бибіжамал Бахытбекқызы.

Дендросаябақ ұзақ жылдар бойы Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының құрамында болды. «Шымкент мемлекеттік дендропарк» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының жарғысында интродукция, ресурстану, табиғатты қорғау және табиғатты пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу қызметімен айналысу құқығы сақталды. «Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып ОҚО әкімдігінің 2009 жылы 24 наурыздағы №83 қаулысымен құрылды. Шымкент қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 10 қыркүйектегі №151 қаулысына сәйкес, Шымкент қаласының коммуналдық меншігіне өтті. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 23 қазандағы №674 қаулысына сәйкес, дендросаябаққа Асанбай Асқаровтың есімі берілді. 28.06.2002 жылғы №244 қаулысымен жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі берілген.

Таңертең дендросаябаққа ат бұрсаңыз әр аумақта қызу іске кіріскен жұмысшыларды көресіз. Мұнда жазымен ағаш-бұталарды суару мәселесі біраз кешеуілдесе керек. Біз барғанда мекеме жұмысшылары бақты суару жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Шымкенттің қос өкпесі саналатын ерекше аймаққа келушілер қатары сиреген емес. Кірсең шыққысыз жасыл мекенге әсіресе, күннің аптап ыстығында келетіндердің қарасы көбейеді. Қазіргі таңда дендросаябақтың жалпы жер көлемі 129,37 гектарды құрайды. Ал ондағы өсімдіктер әлемін қорғау, зерттеу-зерделеу, күтіп-баптау жұмыстары үлкен еңбек пен қаржыны талап етеді. Соның ішінде интродукциялау яғни, өсімдіктерді жерсіндіру ісі кезек күттірмейтін мәселе.
Дендрологиялық саябақ ағаш-бұта өсімдіктерін Оңтүстік Қазақстан өңіріне интродукциялауды жоспарлы түрде жүргізген алғашқы ғылыми мекеме. Қазіргі таңда, дендросаябақ аумағында гендік қорды сақтап қалу және молайту мақсатында 2021-2022 жылдар аралығында дендрологиялық саябақтың «Самал» қақпасы аумағындағы бос жатқан 6 га аумаққа 2000 түп әртүрлі жеміс-жидек және сәндік ағашта, шыршалар, боз арша, ақ тораңғыл, раушангүл, интродуцент ағаш-бұталар көшеттері егіліп, күтіп бапталуда.
Сонымен қатар, әртүрлі ағаш-бұталардан қаламшалар дайындалып, оның ішінде 20 000 дана бирючинадан лабиринт, 10 000 дана шынар, терек, вавилондық тал тұқымбаққа егіліп өсірілуде. Сонымен қатар, дендросаябақ аумағына 7500 түп петуния бір жылдық гүлдері көгалдандыру мақсатында отырғызылды. Серуендеушілердің көптеп жүретін аумақтарына, жылыжайда тұқымынан өсіріліп шыққан 30 000 түп бір жылдық сәндік гүлдер егіліпті.

–Биыл Асанбай Асқаровтың 100 жылдық мерейтойы. Осы атаулы күн қарсаңында дендросаябақтың ғылыми-танымдық журналын шығардық. Журналға негізінен сирек кездесетін және ҚР Қызыл кітабына енген ағаш-бұталардың биологиялық сипаттамасы және ғылым бөлімінің мамандарының жеке мақалалары қамтылды. Сонымен қатар, дендробақтың құрылу тарихына шолу жасалады. Қазақстанда ғана емес Орта Азияда теңдесі жоқ, Асанбай Асқаров атамыздың өзі салып берген дендросаябақты көзіміздің қарашығындай қорғап, ондағы өсімдіктер әлемін сақтап қалу әрбіріміздің азаматтық борышымыз деп санаймын, — дейді «А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» МКҚ директорының орынбасары, а.ш.ғ.д.,профессор, академик Жәнібек Паржанов.

Иә, білікті басшы, мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың ел мен жер үшін, қарапайым халықтың игілігі үшін Шымкентте жасаған жасампаз бастамалары көп. Соның бірегейі дендросаябақ болса, ол бүгінде Шымқаланың шырайына шырай қосып тұрғаны анық…

Раушан ҚОНАРБЕКҚЫЗЫ