ҰРПАҚ ҰМЫТПАЙДЫ 

306

А.Асқаровтың мерейтойы Шымкент қаласы үшін айрықша маңызға ие күн десек болады. Тарихымызбен терең танысып, өткен күнді парақтасақ аңыз адамның Шымқаланың дамуы мен көркеюіне өз қолтаңбасын қалдырған тұлға екенін білеміз.

Шымкент қалалық орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің №12 кітапхана бөлімшесінде тарихи тұлғаны дәріптеп, жас ұрпаққа таныстыру мақсатында әдеби іс-шара ұйымдастырылды. Әдеби кеш Төлеген Тәжібаев атындағы №81 жалпы орта мектебінің 7а сынып оқушылары мен сынып жетекшісінің қатысуымен өтті.

Тағылымды кеште оқушылар қайраткердің «Тағдыр», «Судьба», «Жұмақ пен тозақ жырлары» атты кітаптермен бірге «Ұлы Тұранның ұлдары», «Мен еліммен біргемін», «Өлмейтұғын артымда сөзім қалса» атты өсиеттер жинағын таныстырды.
Асанбай Асқаров жайында елімізге белгілі азаматтардың пікірлерін кітапханашылар әңгімелеп берді. Мәселен, бір басына сан өнер қонған, кең жүрегімен елін шексіз сүйген өз дәуірінің дауылпаз тұлғасы жайлы Алаш мұрасын тереңнен зерттеген Мәмбет Қойгелдиев былай деп жазады: «А.Асқаров бар бітім-болмысымен кеңестік жүйе жағдайына қалыптасқан қайраткер еді. Ал кеңестік билік болса ұлттық кадрларды перманентті, жүйелі түрде ылғи да електен өткізіп, тазалап отырды. Соған қарамастан Қазақстандағы басшылықтың арасында ұлттық құндылықтарды қорғап, оларды одан ары өрістетуге ынталы, таза көңілді, биік мұратты азаматтар аз болған жоқ. Асанбай Асқаров сондай еліміздің бағына туған қайраткерлердің бірі әрі бірегейі еді».

–Дара тұлғаның есімін ұрпақ жадында сақтау үшін мұндай іс-шараларды жиі ұйымдастыру қажет. Жыл сайынғы дәстүрге сай биыл да
А.Асқаровтың 100 жылдық мерейтойына арнап көптеген маңызы зор шаралар өтті дейді, – кітапхана қызметкері Қазына Жүнісбекова.

Өскелең ұрпақтың бойына тарихымызды сіңіру үшін өткенімізді естен шығармау қажет. Алаштың біртуар тұлғасының мұрасын дәріптеуге арналған жиында оқушылар
А.Асқаровтың өлең-жырларын оқып, өнегелі өмірі жайлы тағылымды әңгімелер айтып, жиналған көпшілік қауымды тәнті етті.

Айдана АБДІРАХМАН