«АСҚАРОВ АТЫНА ЛАЙЫҚ БОЛУ – МІНДЕТІМІЗ»
Асанбай Асқаров – Шымкенттің ғана емес, Қазақстанның Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан өңірлерінің дамуында өзіндік қолтаңбасы қалған білікті басшы. Туған жерінің гүлденуі жолында тынымсыз тер төккен қазақтың біртуар ұлына қандай құрмет көрсетілсе де лайық. Себебі, елі үшін еңбек еткен қайраткерді толық танып-білдік деп айту әлі ерте. Шымкентте Асанбай Асқаровтың атында дендросаябақ, көше және мектеп бар. Бүгін біз Асанбай Асқаров атындағы №77 мектеп-лицейдің тыныс-тіршілігі туралы баяндаймыз.
Бұл білім ошағы 2003 жылы ашылған. Жаңа мектеп алғашқы күннен бастап Асанбай Асқарұлының атымен аталып келеді.
– Мектебіміздің ашылуында, оған Асанбай Асқаровтың есімінің берілуінде, жалпы, білім ошағының дамуында алғашқы директорымыз Макаев Ілияс Төлегенұлының сіңірген еңбегі мол. Іргетасы қаланған 2000 жылдан бастап Ілияс ағай құрылыстың басы-қасында өзі жүрді. 2003 жылы ресми түрде ашылды. Ілияс Төлегенұлы мектебімізге ұлт перзентінің атын алу үшін көп жүгірді. Бұл идеяны ағайымыз сол кездегі Асанбай Асқарұлы атындағы қоғамдық қордың директоры, ардагер Уәлихан Сүлейменов, ардагерлер ұйымының белсенділерімен бірге ақылдасып, кеңескен. Өзінің айтуынша, мектепке қоғам қайраткерінің атын алу оңайға түспепті. Дегенмен, қазақтың біртуар ұлының атын қалдыру үшін алған бетінен қайтпады, мақсатына жетті. Осылайша мектебіміз Асанбай Асқаровтың атын мақтанышпен иеленіп келеді, – дейді Шымкент қалалық Асанбай Асқаров атындағы №77 мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лиза Мүсрәлиева.
Мектептің құрылысы барысымен сол кездегі облыс әкімі Болат Жылқышиев бірнеше рет танысып, бақылауда ұстаған. Ал 2003 жылғы ашылу салтанатына сол кездегі білім және ғылым министрі Жақсылық Құлекеев, облыс әкімі Болат Жылқышиев, Шымкент қаласының әкімі Ғалымжан Жұмжаев, қалалық білім беру бөлімінің басшысы Айман Илеуова және жергілікті тұрғындар қатысты. Сол жылдан бастап мектепте қызмет етіп келе жатқан Лиза Абибуллақызының өзі Ілияс Макаевтың шәкірті. Шымкенттегі №37 мектепте оқып жүргенінде Ілияс Төлегенұлы сонда мұғалім болып кіреді. Қандай жұмыс болса да шын ниетімен атқаратын маман қызмет бабында директорлыққа дейін көтерілген.
- – Ілияс ағай Фуркад атындағы №37 мектепте істеп жүріп, ұжымда беделді, абыройлы болды. Еңбегіне адал маманды бүкіл ұжым құрметтеп, қолдап, 25 жасында сол мектептің директоры болды. Қазақ-өзбек мектебін 14 жыл бойы ауызбіршілікпен басқарды. Ағайдың алғашқы мамандығы әскери бола тұра өзі әдебиетке жақын еді. Жүрек қалауымен қазақ тілі және әдебиеті мамандығын да меңгеріп, оқушыларына, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруді, Отан сүйгіш, елін сүйгіш азамат етіп тәрбиелеуді басты ұстанымы етіп жүретін. Осы мектепке директор болып тағайындалған алғашқы күннен бастап сол патриоттық бағытты ұстандық. Мен мұндағы еңбек жолымды қарапайым мұғалім болып, директордың орынбасары болдым. Ілияс ағай «Елге еңбегі сіңген, қазақ елін дамытуда аянбаған Асанбай Асқаровтай азаматтың атын тарихта қалдыру керек, еткен еңбегін көрсету керек. Ол – қайталанбас тұлға ғой!» деп, жиі айтатын, жадымызға сіңіретін. Мектебімізге Асанбай Асқаровтың атын алуы да жүрегінің түкпіріндегі сол ұстанымды іске асырғысы келгені деп ойлаймын. 17 жыл мектебімізді басқарып, Асанбай Асқаровтың есімін оқушылар есінде қалдыруға көп еңбек сіңірді. Биылғы 100 жылдық мерейтойын ел көлемінде атап өткізуді армандайтын. Өкінішке қарай, ол мақсатына жете алмады. Зейнет демалысына шыға сала көп ұзамай, ұстазым Ілияс Төлегенұлы қайтыс болды, – деген Лиза Абибуллақызы көзіне жас алып, бір сәт үнсіз қалды.
Жақындары мен отбасы үшін ғана емес, бүкіл мектеп ұжымы үшін бұл ауыр қаза болды. Қазақтың қайталанбас тұлғасы болған Асанбай Асқарұлының атын білім ошағына беріп, ұрпақ жадында қалдыруда, оқушыларды еліне қалтқысыз еңбек етуге тәрбиелеген Ілияс Төлегенұлының осы мектептің қалыптасуында сіңірген еңбегі мол еді. Білім ошағына қайраткердің есімін алып қана қоймай, 2005 жылы мектеп ішінен Асанбай Асқарұлына арналған музей ашқан. Оған қоса өзі бастап, көзін көрген тұлғалардың естелігін жинақтап, Асанбай Асқарұлы туралы «Қайталанбас тұлға» деген кітап шығарған.
– Менің өзім де, мектеп ұжымы мен оқушылар да Ілияс Төлегенұлының Асанбай Асқаровқа деген құрметін, жас ұрпаққа патриоттық, елін сүйген тұлға ету жолындағы тәрбиесін көп көрдік. Жоғарыда атап өткенімдей, алғашқы күннен бастап біздің мектеп сол бағытты ұстанды. 2003 жылы ашылған күннен бастап, Шымкентте алғаш болып сабақты әнұранмен бастадық. Сапқа тұрып, жаппай жаттығуды да ең бірінші болып біздің мектеп қолға алды. Осылайша Асанбай Асқаровтың атына лайық білім ошағы болуды алғашқы күннен бастап басты ұстаным етіп алғанбыз, – дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
2007 жылы мектеп-лицей атағын алған білім ошағын бүгінде Аюбаева Толқын Полатбайқызы басқарады. Мектеп оқушылары Асанбай Асқаров туралы жетік біледі. Мұнда Асқаровтану сабағы, үйірмесі бар. Соның барлығы қазақтың біртуар ұлының қасиеттерін ұрпақ жадына сіңіруге сеп болады.
– 2003 жылы орта мектеп болып ашылғанда 720 оқушы болған еді. Бүгінде мектеп-лицейімізде 2550 оқушы білім алуда. Балаларды тәрбиелеп, білім беруде патриоттық-азаматтық тәрбие көп көмектеседі. Басшыларымыз әрдайым «Біз – Асанбай Асқаров атындағы мектеппіз. Басқа мұндай мектеп жоқ» деп айтады. Осы атқа лайық болуды жадымыздан шығарған емеспіз. Мектебімізде 1-4 сыныптарда Асқаровтану сабағы өтеді. Оқушылар музейді аралап, танысады. Ал 6-7 сынып оқушылары қатысатын «Асқаровтанушылар» клубы бар. Сол оқушылардың Асанбай Асқарұлына арнап шығарған өлеңдерін топтастырып, шағын жыр жинағын басып шығардық. 2007 жылы қалалық өнер фестивалінде біздің мектептің оқушылары Асанбай Асқаровты сомдап, Гран-при ұтып алды. Қайраткер ғана емес, бүкіл отбасы туралы оқушыларымызға дейін жатқа біледі. Жұбайы Фатима Ғалиқызы, немересі мен қызы мектебімізге келіп тұрады. 2012 жылы 15 қыркүйек күні Асанбай Асқаровтың 90 жылдығына орай мектептің алдында ескерткіш-бюсті ашылды. Жыл сайын ұлы тұлғаға арнап, 5-15 қыркүйек күндері мектебімізде Асанбай Асқарұлына арналған онкүндік өтеді. Ал дүниеден өткен 13 тамыз күні мектептің ауласында қайраткердің көзін көрген, тәрбиесін алған кісілерді жинап, ас береміз, Құран бағыштаймыз, – дейді Лиза апай.
Асанбай Асқаров өле-өлгенше еліне қызмет етті. Білікті басқарушылығымен қоса ақындығы бар, ұлтын сүйген, елін сүйген арда азамат тағдыр талқысын да көрді. Зейнетке шыға сала жала жабылып, абақтыға қамалды. Бірақ, әділеттің ақ туы орнап, 1991 жылы түрмеден шықты, ал 1995 жылы толық ақталып, азаматтық құқығы қалпына келтірілді.
«Ол өмірден жинаған тәрбиесі мол, жан-жақты білімді, жүрегі кең, батыл, турашыл, талапшыл басшы, халқының адал ұлы еді» дейді ардагер Уәлихан Сүлейменов.
– Біз Асанбай Асқаровтың мына сөзін берік ұстанамыз: «Белгілі, әйгілі адам болу деген сөз – қоғамның алдында, ар-ұяттың алдында жауапты болу деген сөз». Ол кісінің түйінді сөздерін оқысаңыз, рухани бай екенін танисыз. Сол принципті біз балалардың бойына сіңіруге тырысамыз. Рухани бай болуды бірінші орынға қоямыз. Асанбай Асқарұлының өмір жолын, өмірлік ұстанымын оқушыларға жеткізе отырып, өзіміз де рухани баймыз деп айта аламыз, – дейді Лиза Абибуллақызы мақтанышпен…
«Шымкент келбеті»