ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕРЕКШЕ КҮТІМДІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН ТҰРҒЫНДАРҒА МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУЛАР КӨРСЕТІЛУДЕ

Түркістан облысында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, қоғамның әр санатындағы топтарына жан-жақты қолдау көрсету жұмыстары күшейтілген. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қорғалуы бағытындағы жұмыстар сараланып, мәселелер талқыланды. Өңір басшысы жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдіктеріне тұрғындарды әлеуметтік қолдау ісін жандандыра түсуді тапсырды.
– Мүгедектігі бар тұрғындарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек сапалы әрі жүйелі болуы тиіс. Жауапты басқарма мен аудан, қалалардағы осы салаға жетекшілік ететін басшылар өз міндеттерін талапқа сай атқаруы керек. Бұл мәселе қатаң бақылауда болады,
– деді Нұралхан Көшеров.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмас Әбдіқадыровтың айтуынша, облыста 101 930 мүгедектігі бар адам есепте тұр. 2021 жылдан бастап мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қорғау шаралары «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы көрсетіліп, оңалту және абилитациялау үшін қажетті тауарлар мен қызметтерді жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік беріліп, әлеуметтік қызметтерді алу процесі жеңілдетілген.
Ал 2025 жылдан бастап санаторийлік-курорттық емдеу шаралары мен міндетті гигиеналық тауарларды, ымдау тілі маманы, жеке көмекші қызметін алуға өтініштер проактивті түрде қабылдануда. Нәтижесінде өтініш берушілер саны былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда 17,5 пайызға немесе 62 628 өтініштен 75 898 өтінішке ұлғайған.
2024 жылдың қорытындысымен оңалту бағдарламасы 95 пайызға орындалып, 66 860 өтініш қанағаттандырылды. Бұл мақсатта 17,1 млрд теңге қаржы жұмсалды. Биылғы 3-ші тоқсанның қорытындысымен абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес оңалту құралдары мен арнаулы әлеуметтік қызметтерге 75898 өтініш қабылданып, 55502 өтініш қанағаттандырылған. Міндетті гигиеналық құралдармен қамтуға 2025 жылы бюджеттің барлық көзінен 6,8 млрд теңге қаралған.