СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ!

72

Сауран аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі аппаратының басшысы, аудандық әдеп жөніндегі уәкіл Қуандық Құлажановтың қатысуымен жиналыс болып өтті. Жиынға аудандық «Сауран-Су» ЖШС мекемесінің ұжымы қатысты. Жиналыстың күн тәртібінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында мәселелер қаралды.

Аудан әкімі аппаратының басшысы, аудандық әдеп жөніндегі уәкіл Қуандық Салыбекұлы жиналыстың күн тәртібіне сәйкес, хабарлама жасады. Онда Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.

Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады.

Әрине, қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.

Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі