ӘУЕ ПАТРУЛІ: ШЫМКЕНТТЕ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР ДРОН КӨМЕГІМЕН АНЫҚТАЛУДА

21

«Учаске» және «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шаралары барысында Қаратау ауданының аумағында учаскелік инспекторлар заңсыз мал жаю жайттарын анықтады. Құқық бұзушылықтар аумақты әуе арқылы бақылау кезінде, яғни пилотсыз ұшу аппараттарының көмегімен тіркелген. Полицейлердің айтуынша, дрондарды қолдану бақылау аумағын едәуір кеңейтіп, патрульдеудің тиімділігін арттырады. Жаяу немесе автопатрульдеу кезінде көзге көрінбеуі мүмкін құқық бұзушылықтар ауада оңай байқалады.

Рейд барысында малдың белгіленбеген жерде, қараусыз және ауыл шаруашылығы жануарларын ұстау ережелеріне қайшы түрде жайылғаны анықталды. Мұндай жағдайлар жануарлардың қозғалыс көп жолдарға шығып кетуіне байланысты жол қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Мал иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бекітілген талаптарды қатаң сақтау қажеттігі туралы ескертілді.

Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін шамамен 300 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Полицейлердің айтуынша, «Учаске» және «Мал ұрысы» іс-шаралары аясындағы рейдтер жалғасын табады. Басты мақсат – құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды дер кезінде анықтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Әуе патрулі – қауіпті жағдайларды анықтау, бақылау және алдын алу мақсатында әуе көліктері арқылы жүргізілетін бақылау жұмыстарының түрі. Патрульдеу тікұшақтар, ұшақтар және арнайы дрондар көмегімен жүзеге асады.

— Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету: қозғалысты бақылау, апаттарды анықтау, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету.

— Шекаралық бақылау: заңсыз өтуді, контрабанданы анықтау.

— Экологиялық бақылау: орман өрттерін ерте байқау, табиғи апаттарды бақылау.

— Іздеу-құтқару жұмыстары: жоғалған адамдарды, туристерді әуеден іздеу.

— Қылмыстың алдын алу: жоғарыдан бақылап, күмәнді әрекеттерді анықтау.

— Үлкен аумақты қысқа уақытта бақылау.

— Қиын жететін аймақтарға жылдам жету.

— Төтенше жағдайларда шұғыл шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Әуе патрулі заманауи қауіпсіздік жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады және қоғам қауіпсіздігін сақтауда ерекше рөл атқарады.