ҚОЖА АХМЕТ ИАСАУИ

183

«Соған қарағанда, Иасауи 1103 жылы емес, одан көп бұрын дүниеге келген. Себебі атағы мәлім осындай үлкен мектепте мұндай дәрежеге жету ұшан-теңіз білім иесі әрі беделді ұйымдастырушы болу керектігін ескерсек, онда біз Қожа Ахмет Иасауи сол кезде шамамен ең кемі 30 жаста деген байламға келеміз. Бұлай дейтін себебіміз аталмыш шежіреде Қожа Ахмет Иасыға 20 жасында келіп, онда жүз жыл шайықтық қылды деген дерек бар. Демек, Иасауи 1080 жылдар шамасында дүниеге келген деуге негіз бар».

Қожа Ахмет алғашқы білімді өз әкесі Ыбырайым шайықтан алады. «Насап-намадағы» дерекке сүйенсек, Қожа Ахмет Иасы қаласына 20 жасында келеді. Содан кейін Бұхарадағы Жүсіп Хамаданиге аттанады. Бұлай дейтініміз – ол Бұхараға келгенде оның қай жерлік екенін білдіретін Иасауи сөзі қосулы еді. Бірақ біздің қолымызда Қожа Ахметтің бұл қалаға анық қай жылы келгені жөнінде нақты дәлел жоқ. Сондай-ақ ол кісінің Бұхарадан Иасыға қашан қайтқаны да бізге беймәлім. Бір ақиқаты – Қожа Ахмет ұстазымен қарым-қатынасын үзбей, үнемі байланысып тұрған болуы керек, себебі Ф.Көпрүлү өз еңбегінде Жүсіп Хамадани жантәсілім етерде (бұл 1140 жылы болған) Иасауидің ұстазы басында отырғаны туралы жазады. Алайда Жүсіп Хамадани қайтыс болғаннан кейін, оның мектебін Қожа Ахмет басқарды деген пікір шындыққа жанаспайтын секілді. Өйткені Хамаданидің Иасауиден жасы да, жолы да үлкен шәкірттері Қожа Абдулла Барки мен Қожа Хасан Андаки халифалары бар болатын. Мектепке солар басшылық жасаған. Сосын бұл кезде Қожа Ахмет Иасауидің жасы 60-тан асып кеткен болатын. Мектепке солар басшылық жасаған. 63 жасқа келгенде: «Мен Мұхаммед Пайғамбардан артық өмір сүрмеймін», – деп жер астына, қылуетке түсіп кеткені тарихтан белгілі. Қылуетте ол тек жатпай хикметтерін жазады. Өзінің өмірлік мұраты болған Ислам дінін түркі жұртына тарату, халықты тәрбиелеу, насихат айту, адалдыққа жол көрсету сияқты игілікті қызметтен бас тартпайды. Қашан көзі жұмылғанша дін, Құдай, Алла жолына қызмет етті. Әлемге мәшһүр «Диуани хикметін» дүниеге келтірді.

Адамды имандылыққа, адалдыққа, қысқа ғұмыр қызығы үшін емес, мәңгілік үшін қызмет етуге шақырған, шақырып қана қоймай өзі сол адалдықтың, адамдықтың үлгісі бола білген Қожа Ахмет Иасауиді халық басына көтерді. Көзі тірісінің өзінде Әулие тұтып, «Әзірет Сұлтан» деп, оның атымен ант етісті.Сөйтіп, «Насап-нама» шежіресі Иасауидің өміріндегі кейбір даулы мәселелерді анықтап берді. Осы деректерге қарағанда, ақын өмірі әлі де толық зерттеуді қажет етері анық. Қазірше біздің білетініміз – ғұлама ғалымның ХІІ ғасырдың екінші жартысында ғұмыр кешіп, өзінің жыр жолдарымен дүйім жұртты сопылық жолға үгіттегені.

Халис Ефенди кітапханасынан табылған «Жауахир ул-Әбрар мин Әмуәжи-л-бихар» деген қолжазбада Қожа Ахметтің Түркістан өлкесіндегі Ақсу-Қарасу бойындағы Сайрам қалашығында туғанын айтады. Сайрам байырғы Ислам орталығы болған ежелгі қала. Оның халқы негізінен Шаһтар әулеті, әмірлер мен Әзірет Әліге барып тірелетін қожалар әулетінен тұрады. Сондықтан Қожа Ахмет Иасауи есіміндегі «Қожа» жалғауына тарих төмендегідей түсініктеме береді. Оның атасы Ибраһим (Ыбырайым) шайық болса, үлкен бабалары Махмұд шайық, Ифтихар шайық, Омар шайық және осылай жалғасып барып, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.)-ның немере інісі әрі күйеу баласы Әзірет Әліге барып тіреледі. Сол үшін де Әзірет Әлі ұрпақтары Орта Азияда «Қожа» атын алған делінген мағлұматтар бар. Бұл туралы Мұса Сайрамидің «Тарихи Эмания» кітабында да толық мағлұмат берілген.

Әулие Қожа Ахмет Иасауиді Ислам елдерінде Әзірет Сұлтан деп те атайды. Бұл «Барлық әулиелердің сұлтаны» дегенді білдіреді. Бұдан басқа оның он шақты есімі болған. Біздің дәуірімізге келіп жеткен оның «Мұқыр» мөрінде әулиенің төрт аты жазылған: Сұлтан Қожа Ахмет (ұстаз), Қожа Ахмет Қабир (ұлы), Шайық Ахмет Ибрахим (тәлімгер), Шайық Ахмет Ысқақ (Сейіт Ысқақтың ұрпағы). Он бір атының алтауы оның шығармаларына қойылған: Құл Қожа Ахмет, Қожа Ахмет Иасауи, Иасауи Міскін Ахмет, Ахмет ибн Ибрагим, Құл Шариф Ахмет Қожа, Құл Тариб Ахмет Қожа.

Ахметтің әкесі Ыбырайым Сайрамдағы атақты ғұламаның бірі болған. Ол ұстазы Мұса шайықтың қызы Қарашаш анаға (Айша) үйленіп, одан бір қыз (Гауһар-Шаһназ), Садыр және Ахмет атты ұл көреді.

Ахмет жеті жасында атасынан айырылып жетім қалады. Оның артынша көп ұзамай шешесі Қарашаш ана да көз жұмады. Әкесінің де, шешесінің де қабірі Сайрамда. Қабір үстіне кесене орнатылған. Ахмет өзінен 10 жас үлкен Гауһар-Шаһназ апасының қолыңда өседі. Әдепкіде әкесінен сауатын ашса, жас Ахметтің тұңғыш ұстазы Сайрам ғұламасы Шахабиддин Испижаб (Ақ ата) болған деседі. Кейіннен ақ түйе шөккен Түркістан жері Қожа Ахметтің мекенжайына айналады. Арада біраз уақыт өтеді. Бір күндері Қожа Ахмет ата-анасына сәлем беріп қайту үшін Сайрамға келеді. Дем алып, тыныстаған соң, атасы сөз қозғап: «Иә, қарағым, қайда болдың, қай жерге қоныс тептің?» – деп сауал береді. Сонда ол: «Ақ түйем Түркістан шаһарына шөкті»,– деп жауап берген екен. Сол жер қазіргі Қожа Ахмет Иасауи ғимараты орналасқан жер. Сонда атасы тұрып: «Ба-лам, сен сол жердің халқымен сұхбаттас-тың ба, не байқадың?» – дегенде, «Иә, ата, сұхбаттастым, бәрін де білемін, бірақ соны біле тұра, мен сол жерге қоныс тебуге бел байладым», – деп жауап береді. Баласын сынамақ болған Ибраһим шайық: «Иә, не байқадың, айтшы», – дегенде, жас Қожа Ахмет былай жауап берген екен: «Ол жер-дің халқы арқаңнан қағып тұрады, аяғың-нан шалып тұрады». Сонда мұны естіген атасы, баласының зеректігіне риза болып: «Иә, балам, дұрыс айтасың, бірақ соны біле тұрып, неге қоныс тептің?» – дегенде: «Жақсыны жолға салу оңай, жаманды да жолға салып көрейін», – деген екен.

Қожа Ахмет 63 жастан кейін қылуетке кірген және қалған өмірін сонда өткізгені белгілі. Көп мәліметтерге қарағанда, ол жүз жиырма бес жыл өмір сүрген болса, соның ішінде алпыс екі жыл өмірін қылуетте өткізген. Себебі «Мен пайғамбардан артық емеспін, соның ізбасарымын, сол себепті мен алпыс үштен кейін жер астына кіруім керек», – деп ойлаған. Екінші жағынан, жер үстінде жүріп, халықтың жан тазалығын жақсартуға күші жетпегенін сезгендіктен, жер астына түсіп, көңілге түйгендерін хикметтері арқылы жазып қалдыруды мақсат еткен деседі. Осы себепті болса керек, хикметтердегі сөздердің бәрі – жан тазалығына арналған даналық сөздер.

Бұл жерде бір айта кететін жайт, адамда тән тазалығы мен жан тазалығы деген ұғым бар. Тән тазалығын жуыну, шомылу, дәрет алу арқылы тазартуға болатын болса, ал жан тазалығы деген – бүкіл жан дүниенің, яғни рухани ішкі сарайыңның таза болмағы деген сөз. Бұл өте қиын. Себебі «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деген сөз бар. Қожа Ахмет халықты сол ақиқат жолға бағыттауға көп әрекет еткенмен, ойлағанын жүзеге асыра алмай, ақырында жер астына түседі. Қылуетте жатып, өшпес еңбек жазып, рухани мұра қалдырған.

Қазыбек ТӘЖИЕВ