ТҮРКІСТАН ӨҢІРІ ТАРИХЫНА ШОЛУ

270

Біз осы территорияны мекен еткен тайпалар мен халықтардың саяси тарихи өмірінің негізгі кезеңдеріне ғана тоқталмақпыз.

Бұл жерде өмір сүрген адамдар өмірінің ізі ерте палеолит дәуірінен бастап кездеседі. Қосқорған, Шоқтас елді мекендерінен алғашқы адамдардың аңшылық құрған, аулаған аңдарын іреп, терісін сылған қысқа мерзімдік тұрақтары табылды. Олардың зерттелгені әзірге жетеу – Қосқорған 1,2; Шоқтас 1,2,3,4,5. Бұлардан табылған жабайы аң сүйектерінің жасы б.з.д. 522-501 мың жылдар мен 448-427 мың жылдар аралығын құрайды, яғни, бұл аңдар бұдан жарты миллион жыл бұрын өмір сүрген. Сүйектермен қоса табылған тас құралдардың түрлері де мерзімделуі жағынан сол заманға – ерте (төменгі) палеолит дәуіріне сай келеді. Адамдар атқылап жатқан қайнар бұлақтарға су ішуге келген жабайы аңдарды аулап етін қорек етіп, терісін киім, төсеніш еткен. Тас құралдарды да осы маңдағы тау жыныстарынан дайындап отырған. Ерте палеолит б.з.д. 2 миллион жылдан 140 мың жылға дейінгі аралықты қамтиды. Ерте (төменгі) палеолиттен соң жоғарғы палеолит кезеңі (б.з.д. 140 мыңнан 12 мың жылға дейінгі аралықты) келеді, онан соң Мезолит (б.з.д. 12 мыңнан 7 мыңға дейін) дәуірі, одан кейін келетін Неолит кезеңі б.з.д. 7 мың жылдан 4 мыңыншы жылдар аралығын қамтиды. Бұлардың барлығын адамзат тарихындағы «тас ғасыры» деп атайды. Бұл кезде адамдар от жағуды, садақ, найза, пышақ жасауды, егіншіліктің ең алғашқы түрлерін игеріп жабайы аңдарды қолға үйрете бастады және жер шарының түкпір – түкпіріне түгел қоныстанды.Осы кезде кен қорытуды игере бастады да оның ең алғашқысы мыс, қорғасын болды. Бұл кезеңді — Энеолит – мыс заманы дейді, ол б.з.д. 3 мыңыншы жылдардан 2 мыңыншы жылдардың басына дейін созылды. Сонан соң адамдар мыс пен қорғасынды, мыс пен қалайыны, мыс пен мырышты қосып қорыту арқылы қола жасауды үйренді, бұл мысқа қарағанда анағұрлым қатты және төзімді металл болатын, солайша адамдар құрал – сайман, қару – жарақ, ыдыс – аяқ барлығын қоладан жасай бастады. Қола дәуірі б.з.д 2000 жылдан VІІІ ғасырға дейін созылды.Тас ғасырынан Түркістан ауданында тек палеолит кезеңі ғана зерттелген, олар жоғарыдағы Шоқтас, Қосқорған тұрақтары. Ал, мезолит, неолит кезеңдеріне жататын құрал – саймандар, ыдыстар Қаратаудың солтүстік беткейінен ғана табылған.

Б.з.д. VІІІ-ІV ғғ. аралығы сақ (скиф) кезеңі деп аталады. Бұл заманға қатысты сақ қорғандары Қаратаудың ішкі қойнауларында, Сырдарияның жағасында кездеседі. Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 6 км жерде Шербай қорымы орналасқан, бұл қорым Қола дәуірінде (б.з.д. ХVІ-ІХ ғғ.) қалыптасып, кейінен сақ дәуірінде де (б.з.д. VІІІ – ІVғғ.), тіпті, түркі кезеңінде де VІ-VІІІ ғғ. пайдаланылған.

Мұндай қорымның тағы бірі қазіргі Жүйнек (бұрынғы Коммуна) елді мекенінің оңтүстік – шығысында 2 км жерде орналасқан. Одан да қола дәуірі мен Сақ – үйсін кезеңіне (б.з.д. ІІІ – б.з. ІІІ ғғ.) және Түркі дәуіріне (VІ –VІІғғ.) жататын мазарлар табылды. Тарихқа Шыпан қорымы деген атпен енген бұл ескерткіш әлі де зерттеуін күтіп жатыр.

Бұл өлкеде Қола дәуірінде өмір сүрген адамдар Андронов мәдениетін жасаушылар деп есептеледі, бүкіл Оңтүстік Орал, Батыс Сібір, Қазақстан территорияларында осы мәдениет тарағаны белгілі. Жоғарыда сақ дәуірінде бұл өлкеде өмір сүрген тайпалар жайлы әңгіме еткенбіз.

Б.з.д. ІV ғ. Александр Македонскийдің (Ескендр Зұлқарнайын) жорығы кезінде Яксарттың (Сырдың) арғы бетіндегі (Сырдың оң жағалауындағы, яғни, Ташкент, Шымкент, Қызылорда облыстары) сақтардың басқыншыларға қарсы тұрғаны және Александрдың басып алған жерлеріне бірнеше қала мен бекіністерді салуға мәжбүр болғаны, сонымен бірге, Сырдың оң жағалауына жорық жасағаны жайлы деректер бар. Бұл қалалар мен бекіністердің қайда салынғаны жайлы ғылымда әлі талас пікірлер баршылық.

Ежелгі заман тарихшылары Александр әскерінің Сырдариядан сусыз шөл даланың тұсында өткенін жазады, яғни, бұл Сырдың орта ағысына – Қызылқұмға тура келеді. Сонымен бірге, тарихшылар мұнда тұрған халықты отырықшы және көшпенді деп ерекше бөліп қарастырмайды, керісінше бір тайпалық одақ-тың ішінде отырықшылары да, көшпенділері де бар екендігін жазады. Диодор сақтардың ішінде отырықшылары бар екенін атап өтіп, сақ патшасы Заринаның қалалар салдырғанын хабарлайды. Страбон болса, сақтардың негізгі басым бөлігі көшпенділер екендігін айтады.

Ал, Арриан болса Александрдың Сырдың сол жағалауындағы қалаларда тұратын сақтардың көтерілісін басқандығын жазады. Бұл өлкені сақтармен қатар сарматтардың да мекендегенін соңғы жылдардағы археологиялық зерттеулер көрсетіп отыр.

А.ЕРЖІГІТОВА