ТҮЛЕГЕН ТҮРКІСТАННЫҢ ТАҢҒАЖАЙЫП ТАБИҒАТЫ

276

Екінші су көзі Шоқытастың маңындағы көптеген бұлақтардан құралып Қараөзен деген жылғаға айналады да басын Шаға шатқалындағы Қайнарбұлақтан алатын жылғамен қосылып Шаға өзеніне айналады. Ол Шаға елдімекенінен өтіп Жоғарғы Ташанаққа жетіп жоғалады, жалпы ұзындығы 21 км.

Тағы бір су бастауын биіктігі 1475 метрлік Аққұз шыңы айналасындағы бұлақтардан алатын Құрысай өзені бір кездері Шағаға дейін жеткен, әлі күнге ізі де сақталған. Бұл өзен қазіргі күні Кентау — Ащысай жолынан өткен соң жоғалады, жалпы ұзындығы 35 шақырым шамасында. Кезінде бұл жазираның елді мекендері, негізінен, бұлақ бастауларында қалыптасқандығына Бершінтөбедегі осы аттас бұлақ, қасындағы Қаратөбе түбіндегі Табақбұлақ, Шаға ІІ қонысындағы Жиделібұлақ, одан жоғары Құмбұлақ, Қозыбайбұлақтар дәлел болады, бұл елдімекендер бұдан екі мың жыл бұрын қалыптасқан отырықшылық ескерткіштері.

Шаға жазирасын Шағаөзен, Қараөзен, Құрысай өзеншелері, Қотырбұлақ, Қарабұлақ, Қайнарбұлақ, Қалдарбұлақ, Тасбұлақ, Табақбұлақ, Метбұлақ, Мүсәлібұлақ, Ақбұлақ, Сасықбұлақ су көздері мен Найсаб, Арнасай, Қайнар, Ташанақ, Шұқырұзын арықтары суландырған. Бұлардың ішінен «Ташанақ, Қошкурган, Чага, Суки Таш (Шоқтас), Карабулак» сияқты арықтар Ахмет Ясауи әулетіне қатысты «Насабнама» — шежіресі түрлерінде кездеседі. Аталған су көздерінің бойында Бершінтөбе, Шаға ІІ, Шаға ІІІ, Қотырбұлақ, Шаға І, Тағайыната, Қосқорған, Әбд әл-Мәлік-Ташанақ, Жоғарғы Ташанақ сияқты қалалар мен қоныстар орналасқан.

VІ. Иқан кіші жазирасы Түркістан ауданының оңтүстік-шығыс шекарасына орналасқан. Алғашқы ірі су көзін Сырнай бұлағы мен Иқансу жылғасы құрайды, оларға Талдысай және Талдыбұлақтанбіріккен жылға қосылып Иқансу өзеніне айналады да Ибата (Ибадулла ата) елді мекенінен өтіп Ақтөбе ауылы тұсына жетеді. Мұнда ол «Атқы» деген атпен де белгілі, сірә, егіс суаратын атпа құралы-на байланысты болса керек. Әрі қарай Иқаннан өткен соң ерте ортағасырлық Майбалық қалашығы маңындағы егістікке тарап кетеді.

Жазирадағы ең үлкен су көзі Көкқиясай. Тау ішінде Терісаққан, Тұрлан, Рабатбұлақ қосылып Тұрлан жылғасын құрайды да Ащысайда оған Төртқара, Ақжарсай бұлақтары қосылып Көкқиясай өзеніне айналады. Иқансумен қатар аққан ол Ибатаға, одан әрі Ақтөбе ауылына дейін келеді де оңтүстікке бұрылып Арыс-Түркістан каналына жеткен соң Иқансудың ескі құрғақ арнасына түседі, одан әрі Түркістан-Шымкент жолынан өтіп дренаж ретінде қазылған арнамен Синақкөлге құяды. Бұл Қарашықпен бірге қысы-жазы ағатын аудандағы екінші өзен, оның жалпы ұзындығы 73 шақырымды құрайды.

Жазираның үшінші ірі су көзі Шылбыр және Раңдысай, бұлақтарынан құралады. «Шылбырөзен» деген атпен белгілі бұл су көзі Қарақұдық қыстауынан 10 км өтіп барып егістікке тарап кетеді, жалпы ұзындығы 42 км.

Шекарадағы бұл жазираны Иқансу, Көкқиясай, Шылбыр өзендері мен Сасықбұлақ, Орманбұлақ, Көкбұлақ, Кішкенебұлақ және Бозтан, Иқансу, Шылбыр арықтары суландырады. Су көздерін бойлап Ақтөбе, Майбалық, Дәуленбайтөбе, Жаңа Асар, Ибата, Жүсіпата, Иқан қалалары мен қоныстары орналасқан.

VІІ. Қарашық, Шаға, Тамдыөзек кіші жазираларының ортасына осы аумақтағы ең кіші Шауғар жазирасы орналасқан. Оның жерін Жіңішке, Баулық, Сүйірарық, Ортақ, Дарбаза, Базарарық, Қазына, Беглік арықтары мен Жұқа кәріз, Бірлік кәріздері, Құмшық ата кәрізі, Кәрізарық сияқты су көздері суландырған. Арықтардың ең ірісі Жіңішке, ол басын Оранғайдағы Қожа тұмасынан алып, Түркістанға солтүстігінен ағып кіріп Ортақ егіс алқабын (Орталық базар, ЖБИ, Түрме орналасқан жерлер) суғаруға пайдаланылған. Кешеге дейін ағып жатқан бұл судың жалпы ұзындығы 20 шақырымға жуық болатын, одан бөлініп шыққан Дарбаза арығы «Ясы» қонақ үйінің түбінен Түркістан қаласының сыртын қоршаған орды суға толтыратын. Бұл орға Тастақ жылғасы мен Баулық арықтары да өз суын құйып, артық су Еврей мазараты алдымен ағып шығып темір жолға қарай бұрылып кететін. Аталған су көздері жазирадағы Шауғар-Шойтөбе, Ясы-Күлтөбе, Төрткүл-Сури, Шойтөбе І, ІІ, Ескі Түркістан қалалары мен қоныстарын, оларды қоршаған егіс алқабы мен бау-бақшаларды суландырған. ХІХғ. орыс жазба деректерінде Түркістан қаласын қоршап 70-тен аса бақтың орналасқандығы жайлы жазылған.

VІІІ. Ауданымыздың оңтүстік-шығысында Бөген, Көкқиясай, Иқансу өзендері мен жер асты суларынан нәр алатын Шошқакөл, Синақкөл, Қалғанкөл және Қалдықкөлдерден құралған үлкен су қоры орналасқан, олардың жалпы ұзындығы 25, ені — 6 шақырымды құрайды. Көлдер тұзды, саяз, жазға қарай тартылып кетеді, дегенмен, түрлі балықтар, құстар мекені болып табылады. Осы көлдердің ең батысындағы Қалдықкөлден Тамдыөзек арнасы ағып шығып оңтүстік-батысқа қарай 35 шақырымдай жерден өтетін Сырдарияға құяды. Ол дариямен Қамыстықақ өзегі арқылы жалғасады. Ежелгі дәуірде Тамдыөзектің жағасы мен Қалғанкөл, Шошқакөлдердің жағаларында елді мекендер өмір сүрген. Олар Қостөбе, Күншағыр, Құлантөбе, Қошқарбайтөбе деген атаулармен белгілі. Тамдыөзектің бойында Ақтөбе, Қорыстөбе қалашықтары, Сырға жақын тұсында Төрткүл-Қаратөбе қаласы орналасқан. Тамдыөзек кіші жазирасы деп аталатын бұл өлкенің жері егіске қолайсыз сор болып келетіндіктен негізінен мал шаруашылығы дамыған деп есептейміз, сонымен бірге, Иіркөл, Шаршынкөл, Соркөлдер мен Сырдарияда балық аулау ісі де жолға қойылған деп жобалаймыз.

Түркістан жазирасы тұрғындары негізінен түсті және қара металл қорыту мен өңдеу, егіншілік, мал шаруашылығы, балықшылық, аңшылық, қол өнері мен сауда-саттық кәсіпшіліктерімен айналысқан.