САУРАНДА ТОҢАЗЫТҚЫШ ҚОНДЫРҒЫЛАРЫ ШЫҒАРЫЛАДЫ

52

Бұл туралы Түркістанда бизнес және туризм өкілдерінің қатысуымен TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумында белгілі болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған әртүрлі секторлардың спикерлерімен және тәжірибелі тұлғаларымен байланыс орнатуға, құнды білім алуға мүмкіндік беретін панельдік отырыстарға ұласты. Форумды облыс әкімі Дархан Сатыбалды ашып берді.

Форум алдында Түркістан өңірін танытатын көркемсурет галереясы мен тұсаукесерлер, халықаралық бизнес пен инвестициялық жобалар жәрмеңкесі ел назарына ұсынылды. Іс-шарада ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, экспорт, логистика және IT-білім сияқты негізгі салалар бойынша талқыланды.

Халықаралық форум аясында Түркістан облысында ауқымды жиынға қатысып жатқан Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қытай, Ресей елінің беделді компанияларымен бірнеше бағытта 20-ға жуық меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, Сауран ауданында тоңазытқыш қондырғылар өндірісін кеңейту, Созақ ауданында фосфатты тау жыныстары кендерін өңдеу зауытының құрылысы, «Шардара» экспорттық агроөнеркәсіптік кластерін құру, Мақтаарал ауданында тоқыма кластерін құру және Келес ауданында индустриалды парк құрылысы бойынша, Сайрам ауданында қуаттылығы 1000 МВт болатын икемді генерациялау режимі бар аралас циклді газ станциясының негізінде электр станциясын салу бойынша, түсті рудаларды және металлургия өндірісінің өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу бойынша Кентау байыту комбинатын іске қосу, Жетісай ауданында тоқыма фабрикасын құру, Бәйдібек ауданында тауық жұмыртқасын өндіретін құс фабрикасын құру, дымқыл майлықтар мен балалар жөргектерін шығару бағытында қолданыстағы желіні кеңейту бойынша, металл конструкцияларын шығаратын зауыт құрылысы бойынша және тағы басқа бағытта ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, келісімдер жасалды.

Маңызды жиында инвесторларға перспективалы инвестициялық жобалармен және оларды өңірде іске асыру үшін жағдайлармен танысуға бірегей мүмкіндік берілуде. Сондай-ақ форум қолайлы инвестициялық орта құру, тәжірибе алмасу және өңірдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын ынталандыру үшін бірлескен шешімдер іздеу мақсатында инвесторлар, бизнес-қоғамдастық өкілдері мен мемлекеттік құрылымдар арасында әріптестік қатынастар орнатуға бағытталған.