БӘЙДІБЕКТЕ ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы Ақбастау елді мекенінде жаңа спорт кешені ел игілігіне берілді. Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев қатысып, ауыл тұрғындарын замануи спорт нысанының ашылуымен құттықтады. ҚР Президентінің салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында ауданда ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Нысанның құрылысын «Trendim KZ» ЖШС 2024 жылдың тамыз айында бастаған. 1 гектар аумақта орналасқан ғимараттың ауданы 939 шаршы метр. Мұнда воллейбол, баскетбол, кіші футбол, күрес, дзюдомен айналысуға барлық жағдай қарастылған. Бұл кешен ауыл жастарының бас қосып, кәсіби спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бүгінде Бәйдібек ауданында 238 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 1 су спорт кешені, 1 жабық теннис корты, 3 спорттық манеж, 53 спорт залы және 177 спорт алаңы бар. Аудан спортшылары биыл түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өңір намысын абыроймен қорғап келеді. Атап айтқанда, спортшылар тоғызқұмалақ, волейбол және еркін күрес түрлерінен жүлделі орындарға ие болды.








