НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ МАҚТААРАЛДАҒЫ МАҚТА ӨҢДЕУ КӘСІПОРЫНДАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мақтааралға жасаған жұмыс сапары барысында мақта кластерін дамыту бағытында іске асырылып жатқан бірқатар өндірістік нысандарды аралады. Аймақ басшысы «Cotton Makta» ЖШС мақта шикізатын өңдеу зауытының және «Хамро ата» ЖШС мақта майын өңдеу зауытының жұмыс барысымен танысты.
«Cotton Makta» ЖШС мақта зауыты 2016 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. 2023 жылы зауыт өндірістік қуатын арттыру мақсатында Қытай Халық Республикасынан әкелінген заманауи өндірістік құрал-жабдықтармен толықтай жаңғыртылған. Зауыттың жылдық қуаттылығы – 90 мың тоннаға жуық. Қазіргі таңда кәсіпорында 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, ал маусымдық кезеңде 250 адамға дейін қосымша жұмыс орындары ашылады. Жобаның жалпы құны – 3 млрд теңге.
Биыл зауыт 57 мың тонна мақта шикізатын қабылдап, мақта дақылын еккен 800-ден астам шаруа қожалығымен келісімшарт жасаған. Шаруа қожалықтарынан қабылданған мақта шикізатының 1 келісі сорттық ерекшелігіне қарай 250-270 теңге аралығында бағаланған. Биыл 11 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеп, барлық шаруалармен толық есеп айырысу жүргізілген.
Бүгінгі күнге дейін 13 мың тонна мақта талшығы өңделіп, дайын өнімнің 80 пайызы Қытай Халық Республикасына экспортталса, қалған бөлігі Түркия мемлекетіне жөнелтілуде.
Облыс басшысына «Хамро ата» ЖШС-ның мақта майын өңдеу зауытының жұмысы туралы да баяндалды. Қазіргі таңда өндірістік нысанның құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталған. Өндіріске қажетті барлық құрал-жабдықтар Қытай Халық Республикасынан толық көлемде сатып алынған. Бұл бастама толық іске асса, кәсіпорын жылына 5 мың тонна мақта майын өндіреді. Жобаның жалпы құны 1 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында басталған. Нысанды пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров кәсіпорын басшылары мен басқарма басшыларына, аудан әкіміне өндірісті әртараптандыру, қосымша жұмыс орындарын ашу және дайын өнім экспортын ұлғайту бағытында нақты тапсырмалар беріп, мақта кластерін дамыту өңір экономикасы үшін маңызды екенін айтты.
Түркістан облысында мақта өңірде мақта кластерін дамыту жұмысы жалғасады.








