КЕЛЕСТЕ ТОҚАШ БЕРДИЯРОВТЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

8

Келес ауданында Ұлы Отан соғысының ардагері, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Тоқаш Бердияровтың туғанына 100 жыл толуына орай тағылымды іс-шара өтті.

Алдымен Бесқұбыр ауылындағы ақынның ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы барып, гүл шоқтарын қойып, ақынға құрмет көрсетті.

Мерейтойлық жиын Ә.Кенжеев атындағы аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. «Ақын рухы ел есінде» атты өлең-жыр байқауына ауданға қарасты білім беру ұйымдарының оқушылары қатысып, Тоқаш Бердияров шығармашылығын дәріптеді.

Іс-шараның ашылуында аудан әкімі Жәнібек Есенұлы құттықтау сөз сөйлеп, ақынның қазақ әдебиетіндегі орны мен ел руханиятына қосқан үлесін ерекше атап өтті:

— Көрнекті ақын Тоқаш Бердияровтың 100 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту – әрбір келестік үшін парыз. Ақын 30-ға жуық кітап шығарып, туған жерге арналған «Келестің ыстық топырағы-ай» сынды өлеңдері арқылы ұлттық руханиятқа өлшеусіз үлес қосқанын ерекше атап өту керек. Оның өмір жолы мен шығармашылығы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, адалдық пен рухани тазалыққа тәрбиелейді, – деді аудан әкімі.

Байқау барысында қатысушылар екі кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезеңде ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыса, екінші кезеңде Тоқаш Бердияровтың тұлғасын, ерлігі мен ақындығын көркем теңеулер арқылы жыр жолдарымен бейнеледі. Жас өнерпаздардың сахна мәдениеті мен шығармашылық шеберлігі қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды.

Іс-шара соңында үздік деп танылған қатысушылар аудан әкімі атынан арнайы грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.