КЕЛЕС ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ТОҚАШ БЕРДИЯРОВТЫҢ 100 ЖЫЛДЫҚ ШАРАСЫНА ҚАТЫСТЫ

6

Алматыдағы Ұлттық кітапханада ақын, Ұлы Отан соғысының ардагері Тоқаш Бердияровтың 100 жылдық мерейтойына арналған тағылымды естелік шарасы өтті. Іс-шара барысында қаламгердің өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен танытатын «Тағдырлы дарын» атты естеліктер кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды.

Жинаққа ХХ ғасыр әдебиетінің біртуар өкілдері — Мұхтар Әуезов, Рахманқұл Бердібаев, Темірхан Медетбек, Өмірзақ Айтбайұлы, Қойшығара Салғараұлы, Исраил Сапарбай, Есенғали Раушанов және басқа да қаламгерлердің әр кезеңде жазған зерттеулері мен естеліктері топтастырылған. Кітапты жүйелеп, құрастыру жұмысын ақын Болат Шарахымбай атқарған.

Шараға зиялы қауым өкілдері, ақынның ұрпақтары, оқырмандар мен әдебиет жанашырлары қатысты.

Осы маңызды басқосуға Келес ауданынан арнайы барған делегация да қатысып, аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Әділет Әзімқұлованың бастауымен ұйымдастырылған сапар барысында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың атынан кітап авторына Алғыс хат пен шапан табысталды. Делегация мүшелері естеліктерімен бөлісіп, ақынның ел жадындағы орны туралы ойларын жеткізді.

Сонымен қатар, жиын барысында 23 желтоқсанда Келес ауданында Тоқаш Бердияровтың 100 жылдығына арналған облыстық деңгейдегі іс-шара өтетіні хабарланды.

Айта кетейік, Тоқаш Бердияров — Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданында туған көрнекті ақын, Ұлы Отан соғысының ардагері. 1950 жылға дейін Кеңес Армиясы қатарында қызмет етіп, кейін «Лениншіл жас» және «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жұмыс істеді.

1950 жылдан бастап өлеңдері жарық көріп, 1952 жылы алғашқы жинағы «Шалқар теңіз» басылып шықты. Ақынның «Мен өмір сүремін», «Бейбітшілік көшесі», «Оқ және гүл», «Көгілдір ымырт», «Бозторғай», «Сөнбейтін оттар» секілді көптеген жыр кітаптары қазақ поэзиясының алтын қорына енді.

Сонымен бірге «Жастық кешуі», «Солдат сыры», «Фарида» тәрізді прозалық туындылар жазып, қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік үлес қосты.