ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА ЕКІ МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Қазығұрт ауданына қарасты Алтынтөбе және Ақбастау ауылдарында алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына аудан әкімі Азизхан Исмаилов және «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды әлеуметтік нысанның ашылуымен құттықтады.
Салтанатты шарада аудан әкімі Мемлекет басшысының шалғай елді мекендерде денсаулық сақтау нысандарын салу, халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, аудан аумағында медицина саласын дамыту, әсіресе ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті жақындату бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Жаңа медициналық пункттің негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмекті уақытылы әрі сапалы көрсету. ФАП тәулігіне 10 адамды қабылдайды. Сонымен қатар нысанның іске қосылуы нәтижесінде 4 жаңа жұмыс орны құрылды. Ғимарат заман талабына сай салынып, барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Құрылыс жұмыстарын «Урба-Стандарт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.
Ауыл тұрғындары медициналық нысанның салынуына қолдау көрсетіп, елді мекенде алғашқы медициналық көмектің қолжетімді болуына жағдай жасағаны үшін аудан әкімдігіне алғыстарын білдірді.








