САУРАН АУДАНЫНДА ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2025 жылдың IV тоқсанына арналған кезекті отырысы өтті. Комиссия отырысында аудандағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар өзекті мәселелер күн тәртібіне шығарылды.
Бірінші мәселе бойынша 2025 жылы пробация қызметі есебінде тұрған азаматтармен жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелері, қайта қылмыстың алдын алу шараларының тиімділігі, сондай-ақ аталған санаттағы тұлғаларға құқықтық және әлеуметтік көмек көрсету тетіктері қаралды. Аталған мәселе бойынша Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Сауран аудандық пробация қызметі бөлімшесінің бастығы, әділет майоры Мұрат Серікұлы баяндама жасады.
Күн тәртібіндегі екінші және үшінші мәселелер алаяқтық және ұрлық қылмыстарының алдын алу, сондай-ақ аудандағы жол-көлік оқиғаларының деңгейі бойынша қаралды. Бұл мәселелер бойынша Сауран аудандық полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары Данияр Тілеубергенұлы баяндама жасап, жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралар туралы мәлімет берді.
Нәтижесінде жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін аумақтарға бейнебақылау жүйелерін орнату қажеттілігіне талдау жүргізу, жол жүрісі мәдениетін қалыптастыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ ауыл және елді мекен жолдарына орташа жылдамдықты өлшейтін құрылғыларды орнату жөнінде ұсыныстар енгізу тапсырылды.
Комиссия отырысының соңында Сауран ауданы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2026 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланып, комиссия мүшелерінің ұсыныстары тыңдалды. Отырыс қорытындысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жауапты мемлекеттік органдарға берілген тапсырмалардың заң аясында, белгіленген мерзімде және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.






