ШЫМКЕНТТЕ ОТАНЫҢ ТЫҢ ТӘСІЛІ ИНСУЛЬТТЫҢ АЛДЫН АЛДЫ

105

Шымкентте МӘМС шеңберінде ми қан тамырларына ота жасаудың тың тәсілі 38 жастағы ер азаматта инсульттың алдын алды. Күрделі отаны №2 қалалық аурухананың білікті нейрохирург дәрігері Еркін Медетов жасады.

Науқасты көптен бері бас ауруы, құрысу мазалап келген. Медициналық тексеру барысында ми қан тамырларының мальформациясы анықталған. Инсульт алуға шақ қалған азаматты аман алып қалу үшін жедел әрекет ету қажет болады.

«Артериовенозды мальформацияны» емдеуде ашық немесе тамырдың ішімен ота жасауға болады. Дәрігерлер бұл жолы қан айналымын бітеген тамырларды эмбализация жасап, тіліксіз отаның тың әдісін қолданды. Құны 6 млн. 200 мың теңгені құрайтын күрделі ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен тегін жасалған. Қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсы және таяу күндері ауруханадан шығарылады. Алдағы уақытта дәрігерлердің кеңесін тұрақты орындап, бақылауда болуы тиіс.

Жалпы, Шымкент қаласы бойынша биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде 1500-ге жуық жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсету жоспарланған. Ауруханаларда ми қан тамырларының күрделі бұзылыстарында, жүрек ауруларын емдеуде және бүйрек, бауыр трансплантациясы мен басқа да ауруларда қымбат бағалы күрделі ота түрлері жасалуда.