ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАУҒА БЕРІЛДІ

1

Бүгін 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Отырар ауданы, Ш.Қалдаяқов ауылында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған заманауи жабық спорт кешені пайдалануға берілді.

Кешеннің ашылу салтанатына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихаттың және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Уәлихан Ұзақов, меценат Әбдімәжит Сыздықбеков, еңбек ардагерлері, қоғам белсенділері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Салтанатты жиынды ашқан аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы бұл спорт кешені ауыл балалары мен жастарына ғана емес, барлық тұрғындарға арналған маңызды нысан екенін атап өтті.

Аудан басшысы өз сөзінде: «Қолжетімді спорт нысандары – ұлт саулығының кепілі. Мұндай кешендер ауыл жастарының спортпен жүйелі айналысуына, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Бұл – өңірдің дамуына жасалған нақты қадам. Алдағы уақытта да осындай әлеуметтік маңызы бар жобалар жалғасын табады», – деді.

Іс-шара барысында Отырар аудандық мәслихаттың және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Уәлихан Жамалханұлы ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын дамыту – партия жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту арқылы ұлт денсаулығын нығайту жөніндегі тапсырмалары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ, меценат Әбдімәжит Сыздықбеков ауыл спортының дамуына қолдау көрсету болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге жол ашатынын айтып, ел игілігі жолындағы бастамалардың сәтті жүзеге асуына тілектестігін жеткізді. Ауыл ақсақалы Әбсаттар Сатыбалдиев жаңа нысанның ашылуына атсалысқан ел азаматтарына алғысын айтып, ақ батасын берді.

Жаңа кешеннің жалпы аумағы 1474,6 мың шаршы метрді құрайды. Ғимаратта әмбебап спорт зал, мамандандырылған жекпе-жек залдары, спорттық секциялар мен балаларға арналған оқу-жаттығу бөлмелері, футбол, бокс және күрес алаңдары бар.